Алматыда дауыл салдарынан ұшақ орнынан қозғалып кетті

Опубликовано:

Ұшақ орнынан қозғалып кетті
Видеодан кадр: t.me/alibekovkz

Бүгін, 29 наурызда Алматыда қатты жел салдарынан әуежайда тұрған жолаушылар ұшағы орнынан қозғалып кеткен. Әуе кемесі SCAT Airlines компаниясына тиесілі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бейнежазба қазақстандық кәсіпкер әрі блогер Бейбіт Әлібековтің Telegram-каналында жарияланды.

Кадрдан қатты желдің салдарынан салмағы бірнеше тонна болатын ұшақтың орнынан қозғалып кеткенін көруге болады.

Осыған қатысты пікір білдірген SCAT Airlines әуе компаниясы видеодағы Boeing-737 ұшағы Алматы қаласының әуежайында тұрақта тұрғанын хабарлады.

Компанияның мәліметінше, әуе кемесінің дөңгелектерінің астында бекітілген техникалық талаптарға сәйкес тежегіш төсемдер орнатылған. Дауылдың екпіні ұшақты 30 пайызға бұрып жіберген.

Сонымен қатар NUR.KZ тілшісі болған жайтқа қатысты пікір алу үшін Алматы әуежайының баспасөз қызметіне жүгінді.

Баспасөз қызметі әуе компаниясы берген ақпаратты растап, оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ екенін хабарлады. Әуе кемесі мен техникаға зақым келмеген.

"Әуежай штатты режимде жұмыс істеп тұр", - дейді Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметінен.

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!

Еске сала кетсек, бүгін оңтүстік астанада қатты жел тұрып, салдарынан ғимараттың шатыры ұшып, ағаштар құлады.

Одан бөлек қалада 29-30 наурызда қатты жауын-шашын күтілуде. Осыған байланысты оңтүстік астанада дауылдық ескерту жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1962661-almatyda-dauyl-saldarynan-usaq-ornynan-qozgalyp-ketti-video/