"Төрт баланы алып шықтым": Ақтөбелік студенттер балконы өртенген үйден тұрғындарды құтқарып қалды (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан көшесінде тоғыз қабатты үйден өрт шықты. Төртінші қабаттың балконынан басталған өрт әп-сәтте жеті балконды өртке орады. Абырой болғанда адам шығыны жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мұндағы тұрғындардың біразын студенттер құтқарып қалды. Үй маңынан өтіп бара жатқан олар терезе арқылы ішке кіріп, көпшілікті сыртқа шығарған.
"Аялдамада тұрғанда түтін шығып жатқанын көрдім. Ойланбастан үйге қарай жүгірдік. Біз бұл үйде тұрмаймыз, подъезд кілті жоқ. Екінші қабаттың терезесі арқылы кіріп, үйдегі адамдарды ояттық. Жоғары қабаттан төрт кішкентай баланы алып шықтым. Қасымда достарым болды. Бәріміз де балаларды, үлкен кісілерді шығардық. Іштің бәрі түтін, қорқынышты болды. Түтін арасында кәлиманы айтып, ішке кіре бердік", - дейді тұрғындарды өрттен құтқарып қалған студент Мағжан Әскербаев.
Ақтөбе құрылыс колледжі студенттерінің шұғыл әрекетінің арқасында адам шығыны болған жоқ. Тұрғындар да иіс тимей, уақытында шығарылған.
"Өрт туралы хабарлама Төтенше жағдай департаментіне сағат 16:50-де түсті. Сағат 17:05-те ауыздықталды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Тілсіз жау төртінші қабаттың балконынан бастап, тоғызыншы қабатқа дейінгі барлық үйдің балконына зақым келтірді. Жалпы алғанда, үй қалпын сақтап қалды",- дейді облыстық ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1968233-tort-balany-alyp-syqtym-aqtobelik-studentter-balkony-ortengen-uiden-turgyndardy-qutqaryp-qaldy-foto/