Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда лифтіге мінген жігіт бір ажалдан аман қалды (видео)

Опубликовано:

жеделсаты
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда лифтіге мінген жігіт бір ажалдан аман қалды. Жеделсаты 20 жастағы тұрғынды қас-қағым сәтте төменнен 25-қабатқа жоғарғы жылдамдықпен көтеріп, үйдің төбесіне соғылып бір-ақ тоқтаған. Салдарынан Темірлан Хван түрлі жарақат алған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, қараңғы лифтіде қамалған Темірлан Хван бір ажалдан аман қалғанын ұялы телефонына түсірген.

"Әйеліммен, бала-шағаммен - төртеуміз бірінші қабатқа түстік. Бірінші қабатта апам мен әйелім шықты. Қарындасым лифтіде қалды. Лифт жабылмай өз-өзінен жоғарыға кетті. Қарындасым секіріп шықты. Сосын мен өзім кеттім. Жетінші қабаттан бастап тез көтеріліп, 25-қабатта төбеге ұрылды. Төбеге өзім де ұрылдым. Арқаммен, басыммен, мойныммен соғылдым", - деді ол.

Жарты сағаттан кейін тұрғындар есігі жабық кабинаның ішінен 20 жастағы жігітті әрең алып шыққан. Қатты соққыдан түрлі жарақат алған Темірлан аталған оқиғадан кейін лифтіге жақындауға қорқып қалғанын жасырмайды.

Ал тұрғын үй кешенінің әр подьезінде үш жеделсатыдан бар. Оқыс жағдай болған лифт қазір техникалық тексеріске байланысты тоқтап тұр. Қашан қосылатыны әзірге белгісіз. Екі күнде бір бұзылатын лифтіге кіруге тұрғындар жүрексініп қалған.

Элиталық тұрғын үй кешенінің жұрты жеделсатының мінсіз жұмыс істегенін көрмедік дейді. Қорқынышты дыбыстар шығып, кенет тоқтап қалатын лифт жұрттың талай мәрте үрейін ұшырыпты.

Жеделсатының жұмысына жауапты компания басшысы лифтінің істен шығуына аптап ыстық пен электр кернеуінің құбылуы себеп болуы мүмкін екенін айтады.

"Оқыс оқиғаға екі фактор әсер етуі мүмкін. Біріншісі күн күрт ысығаннан құрылғылар орналасқан жерде ауа температурасы көтерілген. Екіншісі электр кернеуінің өзгеруінен. Біз жеделсатыны үнемі жөндеп тұрамыз. Соңғы рет осы тұрғын үй кешеніндегі лифтінің троссын ауыстырдық. Бұл көп шығын кететін шаруа", - дейді "ЛифтКомплекс" ЖШС директоры Сергей Внуков.

"ЛифтКомплекс" серіктестігі оқыс жайттан зардап шекккен жігітке көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Енді осы оқиғаның себеп-салдарын арнайы комиссия анықтайды.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы қауіпсіздік мақсатында шаһардағы сапасы сын көтермейтін жеделсатыларды тағы бір мәрте тексеруді жоспарлап отыр. 

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1976500-almatyda-liftige-mingen-zigit-bir-azaldan-aman-qaldy-video/

pixel