"Саны 1000-нан асады": Атырау облысында дала өртінен мал қырылып қалды (фото)
Жарияланған күні:
Атырау облысында дала өртінен мал қырылып қалды. Тағы бірнеше ешкі мен қозы күйіп қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғыз апан елдімекенінің маңында болған. Ресей шекарасынан басталған өрт осы жерге дейін жеткен.
Салдарынан Еділбай тұқымды қой өсірумен айналысатын мал зауытының малы өртеніп кеткен. Қойшы Уәлихан Қабдрахмановтың айтуынша, қырылған малдың саны 1000-нан асады.
"Өрт Ресей шекарасы тұсындағы әскери аймақ жақтан шығып біздің ауылға жетті. Малды қайрып, үйдің қасына жақындаған кезде жел көтеріліп, жалын лезде тарап кетті. Өзім үйге қарай қаштым. Үйде балаларым болды. От үйдің қасына техникамен тырналған жерге дейін жетті. Үйдің айналасындағы шөптердің барлығы жанып кетті. Далалықта өсіп тұрған Ақселеу деген шөп отқа тез жанғыш. Қойларды аман алып қала алмадым. Зауыттың асыл тұқымды мың қойымен бірге өзімнің де малдарым өртеніп кетті. Бірде-бір бас мал қалмады", - дейді Уәлихан Қабдрахманов.
Өртті Сүйіндік аулының 30-40 шақты тұрғыны өшірген және 5 тонналық суы бар 2 водовоз, 4 техника жұмылдырылған.
Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшаровтың сөзінше, Ресей аумағындағы шаруа қожалығы да түгел өртеніп кеткен.
"Жалғызапан ауылы Ресей федерациясымен шекаралас орналасқан. Ресей аумағында да шаруа қожалығы түгел өртеніп кеткен. Тілсіз жау біздің шекараға өтіп ауылға қарай жақындағанда ауыл азаматтары жұмылып, өртті өшіруге атсалысты. Соңғы онкүндікте ауыл айналасында күннің ыстығынан үш дала өрті болды", - дейді Қанат Құлшаров.
Шығын көлемін есептеу үшін арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына "Сүйіндік асыл тұқымды мал қой зауытының" мамандары барған. Ол жерде мал өлекселерінен тазалау жұмыстары жүргізіліп, өлген малдар сол маңайдағы сайға көмілген.
Материал авторы Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1978505-sany-1000-nan-asady-atyrau-oblysynda-dala-ortinen-mal-qyrylyp-qaldy-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.