Ақмола облысында заңсыз алтын қазумен айналысқан азаматты қиыршық тас басып қалды
Жарияланған күні:
Ақмола облысындағы Бестөбе кенішінде заңсыз алтын қазумен айналысқан 42 жастағы азаматты қиыршық тас басып қалған. Ол сыбайластарымен бірге 610 метр тереңдіктегі шахтада жарылғыш зат қолданғаны белгілі болды. Салдарынан кеніш опырылып, екі адам үйінді астында қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Бестөбе кенішіндегі бұл шахталар жұмысын тоқтатқанына бір жылдан асты. Оған біздің компанияның кінәсі жоқ. Кен орындарының төменгі жағын жаңбыр суы басып жатыр. Заңсыз алтын іздеушілерге қауіпті екенін талай ескерттік. Соған қарамастан соңғы екі жылда 4 мыңға жуық алтын іздеуші ұсталды", - деді "Қазақалтын" ЖШС Бас директоры Рүстем Қаракесов.
"Западная" шахтасына түскен 3 адам да Бестөбе кенішінің жұмысшысы емес. Үшеуі осыған дейін кеніш кезіп, заңсыз алтын іздегендері үшін бірнеше рет жауапқа тартылыпты. Бірақ олар тағы да 610 метр тереңдіктегі шахтадан бір-ақ шыққан.
Тіпті өздерімен жарылғыш зат алып барып, сол жерде жарған. Күшті дүмпуден кен орнындағы қиыршық тастар құлап, екеуін басып қалыпты. Ал үшіншісі осы кезде оқиға орнынан алысырақ жерде ас әзірлеп жатқан. Ол жарылысты естіп жүгіріп барғанымен тек біреуін ғана құтқарып қалған.
Оның денесінің сау жері жоқ. Ауыр жарақат алған алтын іздеуші ауруханада жатыр. Ал 42 жастағы азамат сол жерде жан тәсілім еткен.
"Қайтыс болған азамат Заводской кентінің 1980 жылы туған тұрғыны. 3-і шахтаға осыдан екі апта бұрын яғни, 5-ші шілде күні түскен. Қазір 3-ші адамға "Күзетілетін нысанға рұқсатсыз кіргені" үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция қызметкерлері жыл басынан бері кеніштерде заңсыз жолмен алтын іздеген 500 адамды ұстаған", - деді Ақмола облыстық ПД ресми өкілі Әсел Әбдірахманова.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1980329-aqmola-oblysynda-zansyz-altyn-qazumen-ainalysqan-azamatty-qiyrsyq-tas-basyp-qaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.