Ақтауда 26 жастағы тәртіп сақшысы көз жұмды
Жарияланған күні:
Ақтауда тамыздың 2-нен 3-іне қараған түні 26 жастағы полиция қызметкері мойнынан алған пышақ жарақатынан қайтыс болды. Күдікті қамауға алынды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Маңғыстау облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған Lada.kz басылымының хабарлауынша, 3 тамызға қараған түні сағат 03:50-де кезекші бөлімшеге 17-шағын аудандағы ауладан мойын тұсынан пышақ жарақатын алған 26 жастағы ер адамды жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға алып кеткені туралы ақпарат түскен.
Ол есін жимастан жансақтау бөлімінде көз жұмған. Марқұмның еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері екені белгілі болды. Полицейлер күдіктіні анықтап, қамауға алды. Ол 27 жастағы азамат болып шықты.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал әлеуметтік желілерде марқұм мен күдіктінің фотосуреттері пайда болды, сонымен қатар марқұмның Ақтау қалалық ПБ ювеналды полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы екені туралы құжат жарияланған. Оған сәйкес, марқұм ішкі істер органдарында 2016 жылдан бері жұмыс істеген, 22 шілдеден бастап еңбек демалысында болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1981667-aqtauda-26-zastagy-tartip-saqsysy-koz-zumdy/