Оралда кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілер екі айға қамауға алынды
Жарияланған күні:
Оралдық кәсіпкерді өлтірді деген күдікке ілінген 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды "Мой город".
Мамандандырылған тергеу соты БҚО полиция департаменті тергеушісінің күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарады.
Айыптау нұсқасы
Басылымның хабарлауынша, іс материалында күдіктілер 6 тамызда караоке мейрамханасының ғимаратында мекеме иесі Еркін Мұханғалиевпен кездескен. Әрі қарай, прокурордың айтуынша, олардың арасында жанжал туған, Қожантаев қалтасынан жиналмалы пышағын шығарып, қарсыласының мойны мен кеуде тұсынан кем дегенде үш рет соққы жасаған. Осы кезде дәл қасында тұрған Амангелді де сөмкесінен пышақ алып шыққан. Ол мекеме әкімшілігін қорқытып, оларды өткізбей, жолына бөгет жасаған.
"Мұханғалиев өміріне төнген қауіптен қашып, ашық тұрған терезеден секіріп кетпек болған. Сол кезде Қожантаев оның бел тұсынан тағы бірнеше рет соққы жасаған. Содан соң жараланған Мұханғалиев орталық стадионға қарама-қарсы тұрған көлік тұрағына жүгірген. Күдіктілер оны қуып жеткен. Амангелді оны жерге құлатып, денесін бірнеше рет тепкілеген. Осы кезде Қожантаев жүгіріп келіп, одан пышақ сұраған. Амангелді оған пышақ берген. Сол жерде оған тағы алты рет пышақ сұққан. Мұханғалиев сол жерде қайтыс болған. Қожантаев пен Амангелді оқиға орнынан бой тасалаған", - деп жазады басылым прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұлтартпау шарасын таңдау
Сараптама қорытындысы бойынша Мұханғалиевтің өліміне мойын, кеуде, бел тұсынан алған пышақ жарақаттары, сол жақ ұйқы артериясының, оң бүйректің зақымдануы және маңдай сүйектерінің сынуы себеп болған.
"Қожантаев пен Амангелдінің тұрақты табыс көзі жоқтығын, олардың аса ауыр қылмыс жасағанын, содан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғанын ескере отырып, олардың жасырынуы мүмкін екеніне, осылайша объективті тергеуге кедергі келтіруі, жәбірленушілер мен куәгерлерге қысым көрсетуі мүмкін екеніне жеткілікті негіз бар. Соттан полиция бөлімі тергеушісінің өтінішін қанағаттандырып, Қожантаев пен Амангелдіні екі айға қамауға алуды санкциялауды сұраймын", - деп оқыды бұлтартпау шарасын мемлекеттік айыптаушы.
Руслан Қожантаевтың өзі тергеу дәлелдерімен келіспеген. Ол екі әйелі барын, біреуі жүктілігінің соңғы айында екенін, балалары мен үйі бар екенін айтты. Ер адам соттан өзін қамауға алмауын сұрады. Ал Тұрлан Амангелді Қожантаевтың қысым көрсеткенін, сол себепті сол күні қасында болуға мәжбүр болғанын айтты. Екі айыпталушы да бұрын сотталмаған. Сот санкциясымен Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелді екі айға қамауға алынды. Сотталушылар тергеу кезінде қамауда болады.
Еске сала кетейік, 6 тамызда Оралда қалалық саябақтың автотұрағында белгілі кәсіпкер кісі қолынан қаза тапты. Ер адам бірнеше жерден пышақ жарақатын алған – мұның бәрі бақылау камерасының объективіне түсіп қалған.
Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Көп ұзамай полицейлер кісі өлтірді деген күдіктілер туралы нұсқау жариялады. Тәртіп сақшылары 1991 және 2001 жылы туған екі ер адамды іздестірді. Іздестіру жұмыстарына әскерилер де тартылды, қаладан шыққан барлық көлік тексерілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1982738-oralda-kasipkerdi-oltirdi-degen-kudiktiler-eki-aiga-qamauga-alyndy/