Ақтөбеде мектепке киім алу үшін қалаға келген екі оқушыны ит талады (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеде мектепке киіну үшін ауылдан қалаға келген екі оқушыны ит талады. Аулада ойнап жүрген екі баланы жануардың аузынан әрең құтқарған көршілері питбуль итін атып қана тоқтатқан. Жантүршігерлік оқиғаның кәугерлері адамға атылған итті тоқтату мүмкін болмағанын айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласы Маресьев көшесіндегі көпқабатты жатақхананың ауласында питбуль иті екі бірдей мектеп оқушысына шабуыл жасап, тұрғындарды үйінен шығармай қойды. Оқиға 16 тамыз күні кешкі уақытта болған.
Есіктің алдында ойнап жүрген балаларды иесімен келе жатқан ит қапқан. 10 жастағы бауырына атылған төбетті көрген 16 жастағы ағасы көмекке келеді. Соңында азулы ит екінші баланы да қансыратып, бірнеше жерінен тістеген.
"Балаларым аулада жүріп итке таланды. 16 жастағы ұлымның жеті жерінен тістеген. Қолы, аяғынан сау жер жоқ. Қансырап қалды. Ал 10 жастағы ұлымның жамбасында иттің аяғының ізі тұр. Айтарға сөзім жоқ. Қалаға балаларымды оқуға киіндіру үшін әкелген едім. Сол күні кешке тамақ ішіп болған соң балаларым есіктің алдына шықты.
Қараңғы түсе қоймаған кез. Питбуль итін далаға кішкентай бала ертіп шыққан. Балаларымның айтуынша, 5-6 жастағы кішкентай бала итке "фас" деген. Содан менің балаларыма атылып тұр. Аяқ астынан у-шу болдық. Иесі бар ит. Көрші үйде тұрады. Үлкен ұлым барып, иесін де тапты. Ол көшеден 10 күн бұрын тауып алған итім деп мойындамай тұр",- дейді ит қапқан балалардың анасы Айнагүл Мұқашева.
Алты баланың анасы Темір ауданы Шұбарши ауылынан мектепке баратын екі баласын оқуға дайындау үшін қалаға келген. Айтуынша, балалар үйге қарай жүгіргенде домофонның есігін бірден аша алмаған. Жылаған балалардың даусын естіп, көршілері құтқарып қалды.
"Киім аламыз деген ақшамыз баланың еміне кетіп жатыр. Иттерді қадағалау керек. Бірінші рет болып жатқан жағдай емес. Бұл иесі бар иттің тұмсығын жаппай неге далаға шығарады? Аулада жүрген балаға шауып тұр. Үкімет қатаң шара қолдану керек",- дейді анасы.
Ал баланы жануардың аузынан арашалап алған көршісі итті тек мылтық атып қана тоқтатқанын айтады.
"Сол күні кешкілік теледидар қарап отырдым. Ауладан балалардың айқайы, жылаған даусы естілді. Өзім төрт баланың әкесімін. Сол уақытта үш балам далада ойнап жүрді. Терезеден біреудің екі баласын ит талап жатқанын көрдім. Подъезде тұрған ескі орындықты қолыма ұстап, ойланбастан сыртқа жүгірдім. Сол кезде ит талап жатқан екі баланың ағасы да сыртқа шықты. Екеулеп әрең ажыратып алдық. Ит бізге қарсы шауып тұр.
Есіктің алды толған бала. Ашулы ит подъезд алдындағы цемент тасты тістеп, ойып алған. Үйден заңды түрде тіркелген мылтығымды алып шықтым. Қарумен шыққанымда ит 3-4 айлық баланы көтеріп, дүкенге бара жатқан әйелді қуып бара жатты. Айқайлап артынан жүгірдім. Балалардан әрі қоқыс төгетін орынға қарай қудым. Ит өзіме қарай атылған кезде аттым. Айналамда ешкім болмады. Сол жерде полиция, жедел жәрдем шақырдық. Атудан басқа амал болмады",- дейді итті атып тоқтатқан оқиға куәгері Ерлан Әмірғалиев.
Кешке адамға атылған төбет итпен алысқан жатақхана тұрғындарына сол күні ветеринар мамандар да барған.
"Біздің мамандар барған кезде ит тірі болды. Оны арнайы орынға апарып, егіп, өлтірдік. Егер атпаған кезде 10 күн ұстайтын едік. Қазіргі кезде сынамасы зертханаға жіберілді. Нәтижесі енді шығады", - деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.
Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті ит иесіне айыппұл салынғанын хабарлады.
"16 тамыз күні сағат 19:30 шамасында 102 нөміріне Ақтөбе қаласы Маресьев 75 мекенжайында иттің бірнеше адамды тістегені жөнінде хабарланды. 10 және 16 жастағы балаларға жақын маңдағы стаффордшир бультерьер тұқымының иті шабуыл жасаған. Жағдайды көрген көршісі үйінен тіркелген қаруын алып шығып, итті атып, жарақаттады.Тексеру барысында полиция қызметкерлері иттің иесін анықтады, оған қатысты ӘҚБтК-нің 407-бабының 2-бөлігі 1-тармағының 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды", - дейді ведомстводан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1983819-aqtobede-mektepke-kiinu-usin-auyldan-qalaga-kelgen-eki-oqusyny-it-talady-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.