"Ата-анасының үміті еді": Жамбыл облысында тағы бір атыраулық сарбаз көз жұмды
Жарияланған күні:
Отандық блогер Бибігүл Рамазан Instagram желісіндегі парақшасында Жамбыл облысындағы әскери бөлімде тағы бір атыраулық сарбаз көз жұмғанын хабарлады. Марқұм сарбаздың бөлесі Нұрбол Жұманов жас жігіт әскерге биыл көктемге аттанғанын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"2022 жылдың 19 тамызында Жамбылда атыраулық сарбаз қайтыс болды деген хабар келді. Мынаның шегі болады ма? Көктемде әскерге кеткен 2004 жылы туылған Мираш Бекбол Досболұлы - Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы", - деп жазған блогер.
KAZ.NUR.KZ тілшісі марқұм сарбаздың бөлесі болып келетін Нұрбол Жұмановпен тілдесті. Оның сөзінше, 18 жастағы Бекбол Мираш көктемде Атырау облысынан Жамбыл облысына шақыртылған. Ол Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы.
"Қайғылы хабарды бүгін таңда естідік, сене алар емеспіз. Ата-анасы үміт артып жүрген отбасындағы ұлдың үлкені еді. Өзінің алдында әпкесі мен артында інісі бар.
Шаруақор, адамдардың іш бауырына кіріп жүретін ақкөңіл жігіт еді. Көз алдымызда өсіп ер жетті. Ешқашан мұңайып, өзімен-өзі түңіліп жүрген кезі болған жоқ. Ауылы Миялыда тойларда суретке түсіріп жүрді, көктемде әскерге аттанды", - дейді сарбаздың бөлесі Нұрбол Жұманов.
"Астана" арнасының хабарлауынша, қайғылы жағдай Шөлдала шекара заставасында болған, марқұмның мәйіті түнгі ондар шамасында атқора маңындағы жем-шөп сақтайтын қоймада табылған. Сарбаздың денесін жақындары жер қойнына тапсырды.
"2004 жылы туылған бозбала Атыраудан келген, биыл көктемде ғана әскерге шақыртылған. Алайда бұл келеңсіздікке қатысты жауаптылардан жауап алу мүмкін болмады. Әскери прокуратура тергеу басталғанын, сондықтан ешқандай ақпарат бере алмайтындарын қысқа қайырды", - деп хабарлады "Астана" арнасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1984099-ata-anasynyn-umiti-edi-zambyl-oblysynda-tagy-bir-atyraulyq-sarbaz-koz-zumdy/