Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда алабай тұқымдас ит ер адамға шабуыл жасады

Опубликовано:

Алабай тұқымдас ит
Жерде жатқан ит. Көрнекі фото: Рixabay.com

Атырау қаласында алабай тұқымдас ит 43 жастағы ер адамға шабуыл жасады. Салдарынан тұрғын аяғынан және қолынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 19 қыркүйек күні сағат түнгі 2:00 шамасында қала сыртындағы Балауса ықшамауданында болған. Оқиға видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Видеода итке таланған ер адамға көшеде жүрген адамдардың алғашқы көмек көрсетіп жатқаны бейнеленген.

Ит ер адамның сол жақ қолын және аяғын тістеген. Қазір ол облыстық ауруханада жатыр.

"Ит қапқан ер адамның жағдайы орташа, аяғынан және қолынан жарақат алған. Қазіргі уақытта травмотология бөліміне жатқызылды", – делінген Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қаладағы ит аулаушы мамандардың айтуынша, қазіргі кезде ит пен оның иесі анықталған. Алабай ит таңертең қала тұрғынының ауласынан табылған.

"Балауса ықшамауданында іздеу жұмыстарын жүргізіп, итті сол жердегі тұрғындардың бірінің ауласынан таптық. Итті арнайы орынға апарамыз. Сол жерде мамандар 10 күн бақылайды, егер қабаған ит болса арнайы дәрімен жансыздандырады. Ал ит иесіне қатысты шешімді полиция қабылдайды", – дейді "Қалалық жануарларды аулау қызметі" ЖШС-ның директоры Исатай Оразғалиев.

Ол тұрғындардың иттерін кешкілік уақытта бос жіберіп қоятын жағдай жиі кездесетінін де атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1988470-atyrauda-alabai-tuqymdas-it-er-adamga-sabuyl-zasady/

pixel