Өткен тәулікте ШҚО өрт сөндірушілері 60-қа жуық шақыруға барған
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысында түні бойы өртке қарсы күрес жүргізілді. ШҚО ТЖД бөлімшелері тәулік ішінде 57-ден аса шақыруға барған, деп хабарлайды өңірлік ТЖД баспасөз қызметі.
ТЖД мәліметінше, өңірдегі өрттердің алдын-ала болжам бойынша ауданы 2000 гектардан асқан.
"Өртті сөндіруге жергілікті әкімдіктер, ұйымдар, шаруа қожалықтарының күштері мен құралдары да тартылды. Барлығы 120 бірлік техника және 700-ге жуық адам, оның ішінде: ШҚО ТЖД, ЖАО, орман мекемелері, Ұлттық Ұлан, ҚР Қорғаныс министрлігі, ШҚО әкімдігінің МИ-8 тікұшағы бар", - делінген баспасөз хабарламасында.
Департаменттің хабарлауынша, қазіргі уақытта Зайсан, Глубокое, Ұлан аудандарында, оның ішінде Алтай мен Өскемен қаласында үйлестірілген іс-қимылдар нәтижесінде өрттер тежелген.
Сонымен қатар ведомство Ұлан ауданының Герасимовка ауылында және Каменка ауылдық округінің Борсақ учаскесінде, Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында және Өскемен қаласында Машина жасаушылар көшесінде (Согра ауданы) өрттер толық сөндірілгенін атап өтті.
Ал Күршім ауданында Пугачев орманшылығы мен Маралды ауылдық округінің аумағында Үшбұлақ ауылынан 14 шақырым жерде өртпен күресу жалғасуда. ТЖД өрт шалған аумақты анықтап жатыр.
ШҚО ТЖД мамандары өрттердің себебі аймақтағы ыстық және құрғақ ауа райынан, өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін бұзудан туындағанын айтады.
Өртті сөндіруге екпіні 20 м/с дейін қатты соққан жел қиындатқан. Құтқарушылар облыс аудандарында дауылдың алдын алу және өрт қаупі туралы алдын ала хабардар еткен болатын.
Осы ретте ШҚО ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1991863-otken-taulikte-sqo-ort-sondirusileri-60-qa-zuyq-saqyruga-bargan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.