Алматы-Қорғас тас жолындағы апаттан зардап шеккен 2 оқушының жағдайы ауыр
Жарияланған күні:
Алматы-Қорғас тас жолында жолдан өтпек болғанда көлік қағып кеткен 2 мектеп оқушысының жағдайы ауыр, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Дәрігерлердің айтуынша, алдағы уақытта оларға бірнеше ота жасалуы мүмкін. Ал Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көлік тізгінінде болған 28 жастағы ер адам қазір қамауда.
Еске салсақ, осыдан 4 күн бұрын мектептен үйіне қайтып келе жатқан 5 оқушыны республикалық тас жолда жылдамдықпен жүйткіген көлік қағып кеткен еді.
Оқиғаның мән-жайын зерттеген телеарнаның хабарлауынша, 25 қараша күні сабақ аяқтала сала оқушылар мектеп автобусына отырған. Сол күні қоғамдық көлік жүргізушісі күнделікті қатынап жүрген жолымен емес, Алматы-Қорғас тас жолымен жүрмек болыпты. Терминал арқылы өтпек болған оны ҚазАвтоЖол қызметкерлері белгілі себептермен тоқтатып, жібермей қойған. Оқушылар ұзақ тұрып қалған автобустан түсіп қалып, үйлеріне өздері жетпек болады. Жолдан өте бергенде көліктің астына түседі.
Оқиға Алматы-Хоргос тас жолы бойында болған. Алматы қаласынан Хоргосқа қарай беттеген жеңіл көлік терминал жиегінде балаларды қағып кеткен. Жол бойында жылдамдықты тежейтін бірнеше белгі орнатылған. ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының өкілдері бұл тас жолмен жүрген жеңіл көлік тұрмақ жүк көліктерінің өзі де ережені елемейтінін айтуда.
Көлік қағып кеткен 5 баланың екеуі бір отбасынан. Қазір отбасы жандарын шүберекке түйіп отыр. Себебі бір үйдің екі баласы да жансақтау бөлімінде жатыр.
"Балалардың аман қалуын тілеп, дұға етіп жатырмыз. Кінәлілер көп бұл жерде. Қазір тергеуде бәрі әділ болады деп ойлаймыз", – дейді оқушының жақындары.
Оқиға кезінде жарақат алған 5 оқушы аймақтық балалар ауруханасына жеткізіліген. Бір оқушының дене жарақаты жеңіл болып, бірден үйіне жіберіліпті. Ал төрт баланың қазір екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы аса ауыр дейді.
"Иық сүйегенің сынығы, сан сүйегінің сынықтарымен түсті. Екіншісі ұл бала. Бас ми жарақаты бар. Бүгін таңғы қарау барысында бір баланы бөлімшеге ауыстырдық. Қалған екі бала жансақтау бөлімінде жатыр. Естерін біледі, бірақ әлсіз", – дейді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Асқар Қалиев.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көлік тізгіндеген 28 жастағы ер адам қазір уақытша қамауда. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталған. Полицейлер мектеп оқушыларының жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенін айтып отыр.
Еске салсақ, 25 қазан күні сағат 19:50 шамасында рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтпек болған 5 жасөспірімді Lexus автокөлігінің қағып кеткені жайлы хабарланған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1999313-almaty-qorgas-tas-zolyndagy-apattan-zardap-sekken-3-mektep-oqusysynyn-zagdaiy-auyr/