"Терезені ашқан": Семейде 5 жасар бала 112-ге хабарласып, өзі мен бауырларын өлімнен аман алып қалды
Жарияланған күні:
Семейде үйде жалғыз қалған үш бала газға уланып қалған. Бұл туралы Абай облыстық ТЖД Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сәйкес, кеше кешкі сағат 16:58-де "112" пультіне 5 жасар баладан қоңырау келіп түсіп, ол жеке үйде күйіктің иісі бар екенін айтқан.
Осылайша оқиға орнына дереу құтқарушылар бригадасы шығып, қосымша 102 және 103 қызметтері жіберілген.
Ведомствоның хабарлауынша, құтқарушылар бейнебайланыс арқылы баламен байланысқа шыққан. Мамандар үйде жалынның тұтанбағанына көзі жетіп, бүлдіршіндерге психологиялық көмек көрсетіп, үйге таза ауа кірсін деген мақсатпен олардан терезені ашуды сұраған.
Бұған қоса құтқарушылар оқиға орнына келіп жеткеннен кейін балалардың жеке үйде қамалып қалғанын әрі үйде улы газ иісі бар екенін сезген.
Белгілі болғандай, ТЖД қызметкерлері құлыпты бұзып үйге кіріп, балаларды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Медицина мамандары бүлдіршіндердің денсаулығын тексергеннен кейін оларды балалар ауруханасына алып кету туралы шешімге келген. Себебі бүлдіршіндерге "жеңіл көміртегі тотығымен улану" диагнозы қойылып, оларға қажетті медициналық көмек көрсетілген.
Қазіргі таңда балалардың жағдайы қанағаттандырарлық деп бағаланып отыр.
Абай облысы ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарынан балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға әрі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2004338-semeide-zeke-uide-zalgyz-qalgan-us-bala-gazga-ulanyp-qaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.