Бурабайдағы балалар лагерінде 14 жастағы жасөсіпірім көз жұмды
Жарияланған күні:
Бурабайдағы балалар лагерінде 14 жастағы жасөсіпірім көз жұмды. Қазір полиция қызметкерлері аталған факті бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақмол облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 11 қаңтар күні сағат шамамен 06:36-да Бурабай аудандық полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен хабарлама келіп түскен.
Хабарламада Бурабайдағы балалар оқу-сауықтыру орталығының бірінің аумағында 2008 жылы туған баланың қайтыс болғаны айтылған.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы жасөспірім Бурабай ауданына 9 қаңтар күні Ақтөбе облысынан құрамында басқа да балалар бар топпен бірге келгенін анықтаған.
"Қаңтардың 10-нан 11-іне қараған түні жасөспірім іші ауырғанына шағымданған. Ауырсыну күшейе түскен соң шамамен таңғы 5-те кешеннің медициналық бөліміне жүгінген. Ол жерге тез арада жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады", - деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаментінен.
Полиция жасөспірімнің өлімін тіркеп, қажетті сараптамалар тағайындаған. Сондай-ақ балалар лагерінің аумағында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Құзырлы орган тергеу шаралары жалғасып жатқанын атап өтті.
ҚазАқпараттың Оқу-ағарту министрлігі ұсынған мәліметке сілтеме жасап хабарлауынша, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барған.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылған.
Сондай-ақ сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсеткен, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2005016-burabaidagy-balalar-lagerinde-14-zastagy-zasosipirim-koz-zumdy/