Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында ауыл әкімі суға кеткен көліктен жүкті әйел мен 7 жасар баланы құтқарып алды (видео)

Опубликовано:

Суға кеткен адамдарды құтқару
Суға кеткен адамдарды құтқару. Видеодан кадр: Бәйдібек ауданы әкімдігі

Бүгін, 2 ақпан күні Түркістан облысында ауыл әкімі суда ағып бара жатқан көліктен жүкті әйел мен 7 жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылы аумағында болған.

Толассыз жауған нөсер салдарынан қырдан аққан ағын су Шаян – Мыңбұлақ облыстық маңызы бар автожолда келе жатқан "ВАЗ-2106" автокөлігін жолдан шығарып жіберген.

Сол сәтте автокөлікте 39 жастағы ер азамат, 33 жастағы аяғы ауыр әйел мен 7 жасар бала болған.

Машина іші суға тола бастаған соң жүргізуші мен жолаушылар көліктің үстіне шығып отырып алған. Ағысы қатты ағын судағы көліктің артынан қалың мұз келіп соққанда ер адам суға секіріп, аман есен қауіпсіз жерге шыққан. Көлік үстінде қалған әйел мен баланы Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев беліне арқан байлап алып шыққан.

"Мен ғана құтқарып қалған жоқпын. Беліме арқан байлап түсіп, суда ағып бара жатқан көлік үстінде қалған әйел мен кішкентай баланы қауіпсіз жерге көшірдік. Белге байланған арқанды жанымдағы ауыл адамдары ұстап тұрды. Кез келген қиындықта елдің ауызбіршілігі анық көрінеді. Бүгінгі жағдайда да ел болып жұмылып, ағын суды ауыздықтай алдық", – дейді Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев.

Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, құтқарылған жүкті әйел мен бала қазір аудандық орталық ауруханада дәрігерлер бақылауында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2007828-turkistan-oblysynda-auyl-akimi-suga-ketken-kolikten-zukti-aiel-men-7-zasar-balany-qutqaryp-aldy-video/

pixel