Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шығыс Қазақстанда қар көшкіні жолаушылары бар автобусты басып қалды (видео)

Опубликовано:

Көрнекі фото
Таудағы қар көшкіні. Көрнекі фото: Рixabay.com

Шығыс Қазақстанда жолаушылары бар автобустың үстінен қар көшкіні жүріп өткен. ТЖ салдарынан зардап шеккендер жоқ, көліктің тек төбесі мен есіктері қар астында қалған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, оқиға демалыс базасына жолда, адам көп жүре бермейтін жерде болған. Сонымен бірге, жолаушылар арасында балалар да болғаны белгілі болды.

Десе де зардап шеккендер жоқ. Анықталғандай, автобус жүргізушісі қар көшкінінің автобусқа келе жатқанын байқап, дер кезінде көлікті тоқтатып үлгерген.

Осылайша автобустың тек төбесі мен есіктері ғана қар астында қалған. Ал қоғамдық көлікті қар астынан өзге жолаушылар алып шыққан.

Айта кетерлігі, кеше ШҚО-да дауылдық ескерту жарияланып, таулы жерлерде сағат 20:00-ден 06:00-ге дейін жолдар жабылған.

"Қар көп жиналған тау бөктерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, көшкінді алдын ала жару шаралары қолға алынуда. Жалпы қыс басталғалы бері шамамен 260 мыңнан астам текше метр қар түсірілді", - дейді өңірдің ТЖ өкілдері.

Бұдан бөлек телеарна синоптиктердің болжамына сүйене отырып, бүгін өңірде термометр көрсеткіштері +7 градусқа дейін көтерілетінін болжап отыр. Сонымен қатар өңірде қар, жауын жауады деп күтілуде.

Осыған орай барлық қызмет жоғары дайындық режиміне ауыстырылған. Олардың ішінде қар көшкіні көп болатын жерлер ерекше бақылауға алынған, дейді телеарна тілшілері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2010173-sygys-qazaqstanda-qar-koskini-zolausylary-bar-avtobusty-basyp-qaldy-video/

pixel