"Себепсіз дене жарақатын салған": Қарағандыда таксист пен жолаушыға белгісіз біреулер шабуыл жасаған
Жарияланған күні:
Қарағандыда такси жүргізушісі мен оның 63 жастағы жолаушысына шабуыл жасады деген күдікпен екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне Гоголь көшесінде бірнеше адамның қатысуымен жанжал болғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Хабарламадан кейін оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция полкінің жасағы барған.
"Анықталғандай 53 жастағы таксист тапсырысты орындап, 63 жастағы жолаушы әйелді алып кеткен. Осы кезде оларға белгісіз біреулер жүгіріп келіп, еш себепсіз дене жарақатын салып, кейін жасырынып қалған", - деп жазады басылым.
Полиция қызметкерлері ізін суытпай бұл оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 44 және 48 жастағы ер адамдарды ұстаған. Күдіктілер жауап алу барысында осы оқиға алдында өздерін біреулер ренжітіп кеткенін айтқан.
"Олар қараңғыда мән-жайды анықтамай, көзіне бірінші түскен адамдармен мәселені шешуге кіріскен", - деп жазады басылым.
Порталдың мәліметінше, қазіргі таңда аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2012253-qaragandyda-taksist-pen-63-zastagy-zolausyny-belgisiz-bireuler-sabuyl-zasagan/