"Ағыс алып кеткен": Түркістан облысында 4 жасар қыз бала іздестірілуде
Жарияланған күні:
Түркістан облысында абайсызда өзенге құлап кеткен 4 жасар қыз бала іздестірілуде, деп хабарлайды өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, 17 наурыз күні Түлкібас аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірі жүгініп, 4 жасар қызының Арыс өзеніне құлап кеткенін хабарлаған.
Тексеру кезінде, сол күні кешкі уақытта кәмелет жасына толмаған туысқан үш қыз баланың Еңбек ауылының маңында ағып жатқан Арыс өзеніне барғаны анықталған. Алдын ала болжам бойынша олардың бірі өзенді кешіп өтпекші болғанда, абайсызда жағадан суға құлаған. Ал судың ағыны оны алып кеткен.
Полицияның хабарлауынша, қазіргі таңда қыз баланы іздестіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Іздеу жұмыстарына Түлкібас аудандық полиция бөлімінің толық жеке құрамы мен аудандық прокуратура, ТЖМ қызметкерлері және 30 ерікті жұмылдырылған.
Осы орайда, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға балаларға мұқият болып, оларды қараусыз қалдырмауды, әсіресе өзен-су айдындарының жанында үнемі қадағалауды еске салады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2013624-agys-alyp-ketken-turkistan-oblysynda-4-zasar-qyz-bala-izdestirilude/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.