Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өскеменде қарсылық көрсеткен сотталғандарды тоқтату үшін ескерту ретінде оқ атуға тура келген

Опубликовано:

Түрме
Түрме. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Петр Карандашов

Өскеменде түрмеге лақтырылған тыйым салынған затты алмақ болған сотталғандарды сақшы ескерту оғын атып, тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл туралы Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Амангелдінің айтуынша, 14 сәуір күні сағат 00.21 шамасында Өскемендегі №16 түзету мекемесінің күзет бекеттерінің бірінің жанынан белгісіз біреу түрме аумағына қарай тыйым салынған затты лақтырған.

"Оралған зат бақылау күзетіндегі ішкі тыйым салынған аймаққа түскен. Сол сәтте постта тұрған сақшы зат лақтырылған жерге сотталған үш адамның жүгіріп келгенін байқаған. Осы кезде 6699 әскери бөлімінің екі бақылаушысы жедел жетіп, сотталғандарды ұстай бастаған", - дейді ол.

Бағдат Амангелдінің сөзінше, алайда сотталғандар бақылаушыларға қарсылық көрсеткен.

"Постты күзетіп тұрған гвардияшы бақылаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын көріп, оларға: "Тоқта, артқа шегін, тоқта, атамын!" деп айғайлап ескертіп, автоматты сақтандырғыштан алып, аспанға ескерту ретінде оқ атқан", - дейді Бағдат Амангелді.

Оның айтуынша, осы кезде бақылаушылардың бірі оралған затты негізгі қоршау жаққа қарай лақтырып жіберген, ал сотталғандардың бірі оның артынан жүгіріп, алуға тырысқан.

"Сотталушының ішкі бақылау аймағына кіріп кеткенін көрген сақшы: "Тоқта, артқа шегін, тоқта, атамын!" деп айғайлап ескертіп, екінші рет жоғары қарай ескерту оғын атқан. Қорыққан тұтқын арта қарай шегінген. Оны бақылаушылардың резервтік тобы ұстаған.

Қалған екі тұтқын тұрғын аумақта жасырынбақ болған, оларды мекеме басшысының кезекші көмекшісі бастаған әскери бақылаушылар жасағы ұстаған", - дейді Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз жетекшісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2016795-oskemende-qarsylyq-korsetken-sottalgandardy-toqtatu-usin-oq-atuga-tura-kelgen/

pixel