Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында қатты соққан жел салдарынан ғимараттардың шатыры ұшқан (видео)

Опубликовано:

Құлаған шатыр
Түркістан облысында қатты соққан жел салдарынан мемлекеттік мекемелердің шатыры ұшты. Видеодан кадр: ktk.kz

Түркістан облысында секундына 57 метр жылдамдықпен соққан жел Кентау қаласындағы мемлекеттік мекемелер мен үйлердің шатырын ұшырған. Соның салдарынан мектеп шатыры бір мұғалімнің үстіне түсіп, миы шайқалған науқас ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, желдің күшеюіне байланысты қаладағы білім ошақтары мен балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатты. Қаланың көп бөлігінде электр желілері үзіліп, коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.

Кентауда кеше таңғы сағат 6-да басталған желдің арты дүлей дауылға айналып, жергілікті поштаның шатыры ұшып, қирандылары жан-жаққа түскен. Қауіпті болуы мүмкін деген жолдар жабылып, полицейлер көліктер мен жаяу жолаушыларды жүргізіп жатқан жоқ. Тұрғындардың өзі де көшеге шығуға қорқатынын айтады.

"Жан-жағымызға қарап жүреміз. Дүкенге шығасың, базарға барып келу керек. Амал жоқ, шығасың, бірақ сақтық шараларын сақтап, көпқабатты үйлерден аулақ жүремін. Бала-шағам үйден шықпай отыр. Балаларым үйдің ауласында ойнайды. Сондықтан қорқамыз", -дейді Кентау қаласының тұрғыны Тұрар Омаров.

Былтыр салынған политехникалық колледждің де төбе жабындысын жел ұшырып, маңындағы жоғарғы кернеулі электр желісін үзген. Соның салдарынан мың жарымға жуық отбасы жарықсыз қалған. Колледжің шатыры іргедегі жер үйлердің де үстіне түскен.

"Балаларым ұйықтап жатқан. Біреуіне тамақ беріп отырған кезде мына жақты біреуі құлады, біреуі шатырдың үстіне құлады. Арғы жақтан терезе сынды. Жүрегім ұшып кетті, шынымды айтсам, жаман болдым. Бала-шаға шошығаны соншалық, атып тұрып далаға қашты", - дейді Кентау қаласының тұрғыны Несібелі Уанасова.

Ыбырай Алтынсарин атындағы бірінші мектептің шатыры екі жыл бұрын да күшті желден ұшқан болатын. Шатыр осы жолғы дауылға тағы да шыдамаған. Қатты желден мектептің шатыры кеше, түскі сағат 12-лер шамасында ұшып, ауланы басқан. Бұл кезде аулада болған бір мұғалім жарақат алып ауруханаға жеткізілген. Ал таңғы сағат он шамасында оқушылар үйіне жіберіліп, оқу тоқтатылған. Мектептер мен балабақша аптаның соңына дейін онлайн оқуға жіберілді.

"Жел секундына 40 метрге барады деген мәлімет кеп жатыр. Ал енді интернетте қарасаң, көрсетіп жатыр, мен өзім де көрдім, 61 м/с дейін барады деп жатыр. Бүгін 57 м/с көрсетті. Ертең бұдан күшті болады деп жатыр", - деді Кентау қаласы ТЖ бөлімінің бастығы Серік Төлегенов.

Телеарна ақпаратынша, Кентауда желден келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Бірақ есептеу тек жел тоқтаған соң басталмақ.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2019502-turkistan-oblysynda-qatty-soqqan-zel-saldarynan-gimarattardyn-satyry-usqan/

pixel