Жүздеген адам мен тікұшақтар: Абай облысындағы өрт қалай сөндіріліп жатыр
Жарияланған күні:
Абай облысында өрт сөндірушілер өртті сөндіруді жалғастыруда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми Telegram арнасында хабарлады.
Ведомство жазуынша, Абай облысындағы өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдары орман шаруашылығына өртті жоюға жәрдемдесуде.
Өрт сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитеті, ЖАО және қорғаныс министрлігінің 300-ден астам қызметкері және 70 техникасы жұмылдырылған.
Сондай-ақ өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су шашу мақсатында 4 тікұшақ тартылды.
"Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің өкіміне сәйкес күштер мен құралдарды үйлестіру үшін өрт орнына Төтенше жағдайлар вице-министрі Күлдіков жіберілген.
Жергілікті атқарушы органдар Бородулиха ауылында Островский атындағы орта мектеп пен колледжде эвакуациялық пункттерді орналастырды", - делінген хабарламада.
Бұған дейін ведомство Абай облысы "Семей орманы" МОТР аумағындағы орман алқабында өрт шыққаны туралы хабарлаған болатын.
Ведомствоның ақпаратынша, табиғи өрт кезінде тез әрекет етіп, өртті сөндіру үшін алдымен өртті ерте анықтау керек. Бейнебақылау жүйелерін орнату бойынша жұмыс тәжірибесі түтін мен жану ошақтарын ерте сатысында анықтауда тиімділігін көрсетті.
"Осындай жүйелерді орнату есебінен өрт аймағының 3 есе төмендеу динамикасы байқалады", - делінген ТЖМ ресми Telegram арнасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2024060-zuzdegen-adam-men-tikusaqtar-abai-oblysyndagy-ort-qalai-sondirilip-zatyr/