Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысындағы орман өртінің аумағы 60 мың гектардан асты

Жарияланған күні:

Абай облысындағы орман өрті
Абай облысындағы орман өрті. Фото: t.me/qr_tjm

Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою шаралары талқыланды. Бұл туралы үкімет Telegram арнасында хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі кезде өрттің жалпы ауданы 60 мың гектардан асады.

Оны сөндіруге ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ЭТРМ және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған. Атап айтқанда, 800-ге жуық адам, 190 техника және 8 тікұшақ тартылды.

"ТЖМ деректеріне сай, өрт Талица, Каштак, Барышевка, Успенка, Поднебесное және Камышенка елдімекендеріне қарай үш бағытта таралуда. Төтенше жағдай ауданын қалың түтін басқанымен, жоғары бетінде лапылдап жанып жатқан жоқ, оған ауа райы жақсы әсер етті – түнде және таңертең сіркіреп жаңбыр жауды. Авиациялық техника белсенді жұмыс істеп жатыр.

Оған қоса, ТЖ орнына қосымша күштер мен құралдар тартылуда. Қатты өртеніп жатқан учаскелерде техника үздіксіз жұмыс істеуі үшін су жеткізіліп отырады", - делінген хабарламада.

Үкіметтің хабарлауынша, азаматтар үшін уақытша орналастыру орындары жабдықталған. Қазір елдімекендерге төнген қауіп сейілді. Жұмыс – бақылауда.

Сонымен қатар қабылданған шаралар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова баяндама жасады.

"Премьер-министр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі табиғи өртті жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті техникалық және адами ресурстардың барлығы жұмылдырылғанын атап өтті. Сондай-ақ Әлихан Смайылов қосымша техника мен қызметкерлердің өрт сөндіру орындарына жедел жетуін қамтамасыз етуді талап етті", - деп мәлімдеді үкіметтен.

Сонымен қатар премьер-министр:

  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесін пысықтауды;
  • Денсаулық сақтау министрлігіне қажет болған жағдайда азаматтарға уақытылы медициналық көмек көрсету мәселесін бақылауда ұстауды;
  • ІІМ-ге қоғамдық тәртіпті сақтауды және тұрғындар мүлкін қарауды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2024214-abai-oblysyndagy-orman-ortinin-aumagy-60-myn-gektardan-asty/