Бүгін — Жалпыұлттық аза тұту күні
Жарияланған күні:
Бүгін, 12 маусым күні Қазақстанда Абай облысындағы ірі орман өрті салдарынан қаза тапқандарды аза тұту күні жарияланды. Төтенше жағдай салдарынан 14 адам қаза тапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
8 маусымда Батпаев орман шаруашылығының аумағында ағаштар өртенді. Бастапқыда өрт 0,3 гектар аумақты шарпыған.
Төтенше жағдайдың алғашқы күндері өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінен, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдар мен Қорғаныс министрлігінен 300-ге жуық адам, 70 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, өрт 4 тікұшақтың көмегімен сөндірілді.
Кейін өрт аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайғаны белгілі болды. Ал өртті сөндіруге 600 адам, 168 техника және тағы 2 тікұшақ жұмылдырылды.
9 маусымда Абай ауданындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі штаб өртті сөндіруге қатысқан "Семей орманы" резерватының 14 орман шаруашылығы қызметкерінің байланысын тоқтатқанын хабарлады. Оқиға орнында іздестіру шаралары басталды.
Осы ретте Семейде жергілікті табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Табиғи төтенше жағдайларды жою жөніндегі штабтың басшысы болып қала әкімінің орынбасары Рамиль Досмағанбетов тағайындалды.
Сол күні Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Ильинге оқиға орнында Абай ауданындағы өртті сөндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл ретте із-түзсіз жоғалған үш орманшының қаза тапқаны хабарланып, 11 адамды іздеу жұмыстары жалғасты.
Абай ауданындағы төтенше жағдай орнына Қазақстанның төрт облысының өрт сөндірушілері жіберілді. Кейін оларға Қарағанды және Алматы облыстарының әскери қызметкерлері қосылды. Тоқаев үкіметке өртпен күресу, апаттың таралуына жол бермеу, азаматтар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық техникалық және адами ресурстарды пайдалануды тапсырды.
Сонымен қатар 10 маусым күні мемлекет басшысының жарлығымен Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды. Ал Юрий Викторович Ильин президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды.
Сенбі, маусымның 10-ы күні кешке із-түзсіз жоғалған орман шаруашылығының қалған 11 қызметкерінің өлі күйінде табылғаны белгілі болды. Кейін Экология министрлігі қаза болғандардың есімдерін атады.
Ал кеше, 11 маусымда олардың фотосуреттерімен бөлісті. Белгілі болғандай, қаза тапқан орманшылардың ең үлкені 63 жаста болса, ең кішісі тамыз айында 25 жасқа толар еді.
Жексенбі, 11 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Абай өңіріне келді. Ол тікұшақпен орман өртінен зардап шеккен аумақтарды аралап көрді.
Сондай-ақ қаза болғандардың отбасыларымен кездесіп, оларға көңіл айтып, жеке кешірім сұрады. Президент қайғылы оқиғаға кінәлілердің барлығы жазаланатынына уәде берді.
Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2024280-bugin-zalpyulttyq-aza-tutu-kuni/