Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық журналист Грузияда кісі қолынан қаза тапты

Жарияланған күні:

Жанбота Төлеген
Жанбота Төлеген. Фото: facebook.com/Ерболат Алтайұлы

Әлеуметтік желіде қазақстандық журналистің Грузияда қаза болғаны жайлы ақпарат пайда болды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналист Назира Даримбет Facebook желісіндегі "Журналисты Казахстана" тобында әріптесі Жанбота Төлеген мамыр айында Грузияда өлтірілген болуы мүмкін екенін айтып, жазба қалдырды. Бұл туралы оған Жанботаның сыныптастары хабарлаған.

Назира Даримбеттің айтуынша, ол Жанботамен соңғы рет 19 мамырда Whatsapp арқылы сөйлескен, содан кейін Жанбота байланысқа шықпаған.

"Сенбі, 20 мамыр күні бізде курс бойынша офлайн кездесу болды, ол тіркелген болатын, келемін деген, бірақ келмеді. Әдетте ол мұндай кездесулерді жібермейтін. Содан кейін одан бетер қатты алаңдадым, ол жауап бермеді, телефоны өшірулі тұрды", - деп жазды журналист.

Сондай-ақ желі қолданушысы Ерболат Алтайұлының Facebook желісіндегі парақшасында Жанбота Төлегеннің қайтыс болғаны туралы хабарлама пайда болды. Хабарламада оның Астанада 2 маусым күні Қоянды ауылында жерленгені жазылған.

Желіде тараған ақпараттарға қатысты NUR.KZ тілшісі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді. Ведомство мәліметінше, Жанбота Төлегеннің қаза болғаны туралы ақпарат Қазақстанның Тбилисидегі елшілігіне 24 мамырда келіп түскен.

"Біз Грузияда Қазақстан азаматының қаза болғаны туралы ақпаратты растаймыз. 24 мамыр күні Қазақстанның Тбилиси қаласындағы елшілігіне Телави қаласының құқық қорғау органдарынан Қазақстан азаматының өлтірілгені туралы ақпарат келіп түсті.

Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін оқиға қатысты өзге де мәліметтер мен күдіктінің жеке басы айтылмайды.

Қайтыс болған азаматшаның денесі Отанына жеткізіліп, 2 маусымда жерленді", – деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ ведомство Қазақстанның Грузиядағы консулы жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста екенін, бұл мәселені бақылауда ұстайтынын атап өтті.

"Біздің азаматымыз Грузияда жеке сапарда болған, кәсіби қызметке (оның өлімі – ред.) ешқандай қатысы жоқ", – деп толықтырды СІМ баспасөз қызметінен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2025424-qazaqstandyq-zurnalist-gruziyada-kisi-qolynan-qaza-tapty/