Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың өлімі: Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Кеше, 13 шілдеде Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыздың денесі табылды. Қазақстанның бас прокуроры іс бақылауға алынғаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінде хабарланды.
Ведомствода полиция қызметкерлері күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамауға алғанын еске салды.
Прокуратураның хабарлауынша, осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99 бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орын алған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда.
"Күдікті Г. 2006 жылы адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталғаны анықталды.
2023 жылдың мамырында Г. алкогольдік ішімдік ішу барысында орын алған жанжалда ауылдасын балтамен ұрғаны үшін сотталған. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын және оның бұрынғы соттылығы өтелгенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеу арқылы 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған", - делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, Бас прокуратура аталған үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыруды тағайындау туралы кассациялық наразылық келтірген.
Пробациялық бақылауда болған күдікті аса ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, пробация қызметінің қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Сондай-ақ президенттің тапсырмасына сәйкес жеке адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер топтамасы әзірленуде.
"Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жазаларды тағайындау және одан босату, соттылығын өтеу тәртібін, жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу шарттарын өзгерту мәселелері пысықталуда.
Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы бас прокурордың жеке бақылауына алынды", - деді Бас прокуратураның баспасөз қызметінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2028750-turkistan-oblysyndagy-5-zasar-qyzdyn-olimi-bas-prokuratura-malimdeme-zasady/