"Тежеуіш кенеттен істен шыққан": Шымкентте бетон араластырғыш көлік 8 автокөлікті соқты
Жарияланған күні:
Шымкентте бетон араластырғыш көлік бағдаршамда тоқтап тұрған 8 автокөлікті соғып, салдарынан түрлі дене жарақатын алған екі адам ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы ІІМ Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, оқиға 26 шілде күні сағат 10:15 шамасында болған.
Анықталғандай, Самал базарына қарай бағыт алған Howo бетон араластырғыш көлігі Рысқұлов және Қазиев көшелерінің қиылысында бағдаршамда тоқтап тұрған 8 автокөлікті соққан.
Салдарынан әр түрлі дене жарақатын алған Mazda автокөлігінің жүргізшісі мен Toyota Camry көлігінің жолаушысы ауруханаға жеткізілген.
Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын нақтылау барысында жүк көлігінің тежеуіші кенеттен істен шыққанын және оны тізгіндеуші азаматтың жүк көлігін басқаруға құқығы жоқ екенін анықтаған.
Көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2030273-tezeuis-kenetten-isten-syqqan-symkentte-beton-aralarsyrgys-zuk-koligi-8-avtokolikti-soqty/