Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір бала көз жұмды: Қарағанды облысындағы әлеуметтік орталықта балалар жаппай уланды

Жарияланған күні:

аурухана
Аурухана. Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағанды облысы әкімдігі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала өзін нашар сезініп ауруханаға түскенін, бір бала көз жұмғанын мәлімдеді. Бұл туралы облыс әкімдігі ресми сайтында хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.

"Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында", - делінген хабарламада.

Облыс әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.

"Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді", - деді облыс әкімдігі өкілдері.

Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапты тұлғалар анықталып, жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2030804-bir-bala-koz-zumdy-qaragandy-oblysyndagy-aleumettik-ortalyqta-balalar-zappai-ulandy/