Жамбыл облысындағы фосфор зауытында орын алған жарылыста зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін, 4 тамызда Жамбыл облысындағы фосфор зауытында төтенше жағдай орын алды. Оқыс оқиғадан зауыттың екі жұмысшысы күйіп қалған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Телеарна мәліметінше, "Жаңа Жамбыл фосфор" зауытының қоймасында екі жұмысшыны күйік шалып, олардың үстіне фосфор шашыраған. Дәрігерлердің айтуынша, жарақат алған 26 жастағы жігіт қазір қаладағы ауруханада жатыр, ал денесінің 22 пайызын күйік шалған 32 жастағы науқастың жағдайы өте ауыр.
Тілшілер мәлім еткендей, оқыс жағдай түскі уақытта болды. Танк-контейнерден фосфор алу кезінде кенет химиялық қышқыл шашырап, екі адам зардап шекті. Денесі күйген науқастар дәрігерлердің бақылауында. Қазір аталған іске қатысты арнайы комиссия құрылып, жазатайым жағдайдың анық-қанығы тексеріліп жатыр.
"Науқастардың жағдайы ауыр. Ем-домның бәрі жасалып жатыр. Күйік алғандардың динамикасы бірқалыпты, бірақ әлі ес жинаған жоқ", - деді Тараз №2 ауруханасының бөлім меңгерушісі Әбілсейіт Ақылбекұлы.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2031356-zambyl-oblysynda-fosfor-zauytyndagy-zarylysta-zardap-sekkenderdin-zagdaiy-belnili-boldy/