Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Смартфон себеп болуы мүмкін: Өскеменде тоғыз қабатты тұрғын үйден шыққан өрттен 20 адам эвакуацияланды

Жарияланған күні:

Өрт сөндіру жұмысы
Оқиға орны. Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Өскеменде көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт болды. Алдын ала болжам бойынша өрт тоққа қосулы күйде қалып қойған смартфонның салдарынан туындаған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

ТЖМ хабарлауынша, 13 тамызда Өскемен қаласында Славский атындағы Набережная көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің жетінші қабатындағы пәтерде өрт шықты.

Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндірушілері жедел жеткен. Өрт сөндірушілер 20 адамды, оның ішінде 5 баланы эвакуациялады.

ТЖМ мәліметінше, өрт ауданы 20 шаршы метрге жеткен. Ол арнайы техника арқылы сөндірілді. Өрт ошағы болған пәтерде ешкім болмағаны анықталды.

Қайтыс болған және зардап шеккен адамдар болған жоқ.

"Өрттің алдын ала себебі – электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, яғни қуат көзінде қосулы күйде қалған ұялы телефон болды", - делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге ШҚО ТЖД жеке құрамынан 18 адам және 6 арнайы техникасы жұмылдырылды.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керектігін еске салды:

  • үйден шыққан кезде электр құрылғыларын қосулы күйде қалдырмаңыз;
  • бұзушылықтарды уақтылы жою қажет;
  • бір розеткаға бірден бірнеше электр құрылғыларын қоспаңыз.

Өрт кезіндегі тәртіп ережелері:

  • өрт кезінде дереу "101" немесе "112" нөміріне хабарласыңыз.
  • үрейге бой алдырмаңыз;
  • өрт сөндірушілер келгенге дейін адамдарды эвакуациялау шараларын қабылдаңыз, көршілерге хабарлаңыз;
  • электр қуатын өшіріңіз;
  • өрт кезінде лифтті пайдалануға тыйым салынады, сондықтан баспалдақпен жүру керек;
  • шығу жолы кесілген жағдайда есіктердегі барлық жарықтарды дымқыл шүберекпен жауып, көмекке шақыру керек, қауіпсіз аймақта (балкон, үйдің шатыры) өрт сөндірушілердің келуін күту қажет. Еденге еңкейіп, ауыз бен мұрынды дымқыл шүберекпен жапқан жөн;
  • балконда өрт ошағына оттегінің кіруін тоқтату үшін есікті мықтап жапқан абзал. Бұл құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған қосымша уақыт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2032317-smartfon-sebep-boluy-mumkin-oskemende-togyz-qabatty-turgyn-uiden-syqqan-ortten-20-adam-evakuaciyalandy/