Оралда пәтерден шыққан өрттен екі адам қайтыс болды: 45 адам құтқарылды
Жарияланған күні:
Орал қаласында 31 тамызда пәтерлердің бірінде өрт болып, екі адам қайтыс болды. Бұл туралы ТЖМ Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2023 жылғы 31 тамызда сағат 05:19-да Орал қаласы Есенжанов көшесі, 1/1 мекенжайы бойынша өрт туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт сөндірушілердің күшімен 18 адам құтқарылып, тағы 27 адам эвакуацияланған.
"Пәтерлердің бірінен жану өнімдерімен улану белгілері бар 1973 жылы туған ер адамның денесі табылды, 1979 жылы туған әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды", - делінген хабарламада.
Өрт сағат 06.09-да оқшауланып, сағат 06.34-те толығымен сөндірілген.
ТЖМ өрттің шығу себебі анықталып жатқанын хабарлады. Алдын ала болжам бойынша қызыл жалын отты абайсыз пайдаланудан туындаған болуы мүмкін.
Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнында өрт сынақ зертханасы жұмыс істеуде.
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2034678-oralda-paterden-syqqan-ortten-eki-adam-qaitys-boldy-45-adam-qutqaryldy/