Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлытаулық жігіт қалыңдығын көлікпен қуып жүріп өлтірді деген күдікке ілінді

Опубликовано:

апатқа ұшыраған көлік
Жол апатына түскен көлік. Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлытау облысы Қаражал қаласының тұрғыны қалыңдығын өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның туыстарының сөзінше, күйеу жігіт қалыңдығы отырған көлікті қуып, оны жол жиегіне қасақана ығыстырып, аударған. Қалыңдық оқиға орнында қаза тапқан. Бұған қатысты облыстық полиция департаментінің өкілі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жол апаты Қаражал-Қарағанды тас жолында болған. Марқұмның жақындары оқиға туралы өз нұсқасын Instagram-дағы patriotkaragandy парақшасына мәлім еткен.

Туыстарының сөзінше, некесі қиылмай тұрып олар Қаражалда бірге тұрған, күйеу жігіт қалыңдығына жиі қол көтерген. Қайғылы жағдайға дейін, бойжеткен ата-анасына қоңырау шалып, өзін алып кетуді өтінген. Анасы мен ағасы үйіне алып қайтып бара жатқанда мас күйде болған күйеу жігіт Қаражалдан шыға берісте олар мінген көлікті тоқтатып, терезесін темір таяқпен сындырған. Рөлде отырған бойжеткеннің ағасының досы полицияға шағымдану үшін кері бұрылып, Қаражалға қарай бет алған. Ашулы ер адам өз көлігімен қалыңдық отырған машинаны қуған. Ол бірнеше рет алдыңғы көлікке жақын келіп, соқтығысқан.

"Оның мақсаты көлікті жол жиегіне шығарып жіберу болды. Өйткені ол соқтығысқанда рөлін қасақана көлікке бұрып, алдындағы көлікті жол шетіне ығыстырған", - дейді қалыңдықтың туыстары.

Нәтижесінде көлік аударылып, 28 жастағы қалыңдық оқиға орнында қаза тапқан. Анасы мен ағасы және достары жарақат алған.

Бұл оқиғаға қатысты Ұлытау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Аңсаған Тоқбергенов пікір білдіріп, марқұм қыздың күйеу жігіті болған ер адам 6 қыркүйекте уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтты.

"5 тамызда аталған жол-көлік оқиғасында бес адам зардап шекті. Бұл жайт бастапқыда Қаражал қалалық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 345 бабы 2 бөлігімен ( абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу) тіркелді. Ал 18 тамызда 28 жастағы зардап шеккен қыздың қайтыс болуына байланысты аталған іс 345 баптың 3 бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша қайта тіркелді.

Сотқа дейінгі тергеу барысында сот сараптамасы тағайындалды және 6 қыркүйекте сараптама қорытындысы шықты, оған сәйкес қылмыстық іс Кодекстің 99 бабы 1 бөлігіне (Адам өлтіру) ауыстырылды.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа зардап шеккендер ісі бойынша Қылмыстық кодекстің 24 бабы 3 бөлігі, 99 бабы 2 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - дейді Аңсаған Тоқбергенов.

Тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеуді жалғасытыруда, ол ПД және прокуратураның бақылауына алынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2035730-ulytaulyq-zigit-qalyndygyn-kolikpen-quyp-zurip-oltirdi-degen-kudikke-ilindi/

pixel