Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада қызды көшеде ұрып-соғып, тонап кеткен күдікті ұсталды

Опубликовано:

Қолы кісенделген ер адам
Қолы кісенделген ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астаналық полицейлерге тұрғындардың бірінен түнгі уақытта көшеде ер адамның шабуылына тап болғаны туралы хабар түскен. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс жігіт оның бетінен ұрып, телефонын тартып алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, Алматы аудандық полиция басқармасына елорда тұрғынынан тоналғаны туралы арыз түскен.

"Жәбірленушінің айтуынша, түнде оған көшеде күтпеген жерден жас жігіт келіп, ақша талап ете бастаған. Қыз бас тартқан соң жігіт оның бетінен ұрып, кейін смартфонын алып, белгісіз бағытта қашып кеткен", - деді тәртіп сақшылары.

Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер бұл жағдайға қатысы бар күдікпен 31 жастағы елордалықты анықтаған.

"Полицейлер 500 000 теңге тұратын ұялы телефонды алып, жәбірленушіге қайтарды", - деді ІІМ өкілдері.

Қазір бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы - "Тонау" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ер адам Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұрын осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2046071-astanada-qyzdy-kosede-uryp-sogyp-tonap-ketken-kudikti-ustaldy/

pixel