Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-да 2 тоннаға жуық еліткіш зат түрлері тәркіленді

Опубликовано:

Дәрілер
Көрнекі фото: unsplash.com

Батыс Қазақстан облысында есірткі пайдаланған 758 адам наркологиялық диспансерде есепке алынған. Олардың екеуі кәмелет жасқа толмаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Полиция департаментінің мәліметінше, аймаққа еліткіш өсімдік түрлері елдің оңтүстік өңірлерінен жеткізіледі екен. Биыл жедел іс-шаралар нәтижесінде дәл сол бағыттан есірткі тасымалданатын 2 арна жойылды.

«Мысалы, Алматы қаласынан көкнәр сабағын жеткізіп жүрген қылмыстық топ ұсталды. Олар Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларының тұрғындары. Заңсыз сауданы ұйымдастырушы мен 4 белсенді қатысушысы қамауға алынды. Қылмыстық топтан 1 тонна 655 келі есірткі тәркіленді. Күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Елдос Назаров.

Биыл облыста есірткі тасымалдау және қолдануға қатысты 249 дерек тіркелген. Күдіктілерден 1 тонна 768 келі еліткіш зат табылды.

Заңсыз есірткі саудасы көбіне телеграм әлеуметтік қосымшасы арқылы жүргізіледі. Ал қылмысты ұйымдастырушылар шетелде отырып, тауарын жеке байланыссыз жеткізеді. Сондықтан оларды қолға түсіру қиынға соғады. Биыл жергілікті полицейлер 1 интернет-дүкенін ұйымдастырушы мен 8 кепілгерді ұстады. Сонымен қатар есірткі тарату туралы жарнамалық беттері мен телеграм чаттарының логині көрсетілген 14 сайт бұғатталды.

Бүгінгі таңда бұл «бизнеске» кәмелетке толмағандардың да кепілгер ретінде қатысуы қоғамды алаңдатып отыр. Биыл осындай күдікпен 4 бала ұсталды. Мәселен, тамыз айының аяғында 11-сынып оқушысы есірткімен байланысты әрекет жасағаны анықталды. Ол толық отбасында тәрбиеленген. Мектеп мұғалімдері де оған жақсы мінездеме беріп отыр. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың есебіне де алынбаған. Күдікті бала телеграмм арқылы өзінің оңай олжа тапқысы келгенін түсіндірді.

Ішкі істер министрлігі нашақорлыққа қарсы күрес шараларының 2023-2025 жылдарға арналған респубикалық кешенді жоспарын әзірледі. Оны жүзеге асыруға бірқатар орган жұмыла күш салып жатыр.

Сонымен қатар облыстық полиция департаменті үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, профилактикалық бағытта мыңнан астам шара өткізді.

«Оқу орындарында 370 дәріс оқылды. Есірткінің зияны тақырыбында 70 акция ұйымдастырылды. 22 баннер ілініп, 16 бейнеролик түсірілді. Әлеуметтік желілерде 500-ден астам материал жарияланды», - дейді аға жедел уәкіл Елдос Назаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2048361-bqo-da-2-tonnaga-zuyq-elitkis-zat-turleri-tarkilendi/

pixel