Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада аялдама әйнегі құлап, екі адам зардап шекті (видео)

Опубликовано:

Аялдама әйнегі адамдарға құлаған сәт
Аялдама әйнегі адамдарға құлаған сәт. Видеодан кадр: instagram.com/astana_pokazhet

Астанада аялдама әйнегі екі адамның үстіне құлап, салдарынан олар зардап шекті. Бұл оқиғаға қатысты елорданың денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдігінің өкілдері пікір білдірді.

Оқыс жағдай кеше, 3 желтоқсанда болған. Оқиғаның видеосы Instagram-дағы Astana_pokazhet парақшасында жарияланды. Видеодан қатты желдің салдарынан аялдаманың әйнегі жанында тұрған екі адамның үстіне құлағанын байқауға болады.

Видео сипаттамасында қарт кісілердің зардап шеккені айтылады.

"Ата-анам аялдаманың жанында тұрған, оның әйнегі желден олардың үстіне құлаған, салдарынан әкемнің жамбасы сынған, ертең ота жасау жоспарлануда", – делінген хабарламада.

Астана денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілдері NUR.KZ тілшісіне зардап шеккендер қалалық көпбейінді №1 ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

"Кешенді тексерістен кейін жарақат алған пациент стационарға жатқызылды. Пациенттің жағдайы тұрақты. Қазіргі уақытта жедел ем тағайындалды. Екінші пациент аумақтық тіркелген орны бойынша қалалық емханаға амбулаторлық ем алуға жіберілді", – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.

Алматы ауданы әкімдігі баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, Айнакөл көшесінің бойындағы Шу аялдамасында қатты жел салдарынан әйнек жолаушылардың үстіне құлап, сынған.

"Салдарынан екі адам зардап шекті, ер адамның оң жақ жамбас сүйегі сынған, ол қалалық көпбейінді №1 аурухананың политравматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер әйелді де қарап, қажетті көмек көрсетті. Ол амбулаторлық емделуге жіберілді.

Биыл 8 желтоқсанға дейін аялдаманы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа әйнек қойылады", – деді басқармадағылар.

Назар аударыңыз! Видеода жантүршігерлік кадрлдар бар. Видео психикасы әлсіз, аяғы ауыр және 18 жасқа толмағандарға көру ұсынылмайды!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2049062-astanada-ayaldama-ainegi-qulapqart-erli-zaiypty-zardap-sekti-video/

pixel