Петропавлда бір отбасын өлтіріп кетті деген күдіктілер ұсталды
Жарияланған күні:
Петропавлда бір отбасын өлтіріп кетті деген күдіктілер ізін суытпай ұсталды. Олар қамалып, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы СҚО ПД өкілдері хабарлады.
Полицейлердің хабарына қарағанда, 28 желтоқсанда сағат 13.25-те денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар үш адам өлі табылғаны туралы телефон хабарламасы түскен. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (Екі және одан да көп адамды өлтіру) бойынша тіркелген.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері облыс орталығының 2 тұрғынын жедел анықтап, ұстаған.
"Күдіктілер Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және әділ зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Іс Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мен полиция департаментінің бақылауында екені айтылады. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2053210-petropavlda-bir-otbasyn-oltirip-ketti-degen-kudiktiler-ustaldy/