Ақтөбеде Instagram-дағы жанжал жаппай төбелеске ұласқан: екі жасөспірім қаза болды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде жаппай төбелес болып, салдарынан екі жасөспірім пышақталған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірлік прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, оқиға 3 қаңтарға қараған түні болған.
"Сағат 00:10 шамасында "102" пультіне Ақтөбе қаласы Қызылжар ауылында орналасқан "Алмаз" дүкенінің жанында топтық төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен облыс прокуратурасының басшылығы шықты", - делінген хабарламада.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1, 9, 14-тармақтарымен қылмыстық іс тіркелген.
Алдын ала деректерге сәйкес, 2 қаңтарда Instagram желісінде кәмелетке толмағандар арасында жанжал туындап, нәтижесінде олардың бірі екіншісін келесі күні "Алмаз" дүкенінің жанында кездесуді ұсынған.
2 қаңтарда түнгі 23:00 шамасында топтық төбелес барасында кәмелетке толмаған екі жасөспірім пышақ жарақаттарын алған.
"Салдарынан Ақтөбе қалалық ЖМЖА-да алған жарақатынан есін жимай екі жасөспірім қайтыс болды. Қылмыстық іс бойынша процесс прокуроры тағайындалды", - делінген хабарламада.
Тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынғаны айтылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2053737-aqtobede-instagram-dagy-zanzal-zappai-tobeleske-ulasqan-eki-zasospirim-qaza-boldy/