Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес: алты адам ұсталды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелеске қатысқан алты адам ұсталды. Пышақ жарақатын алған төрт адам ауруханаға жеткізілген, оның екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция дапартаментінің мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік желіде басталған жанжалдан кейін жаппай төбелеске 10 адам қатысқан. Қазір оның алтауы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалаған. Сондай-ақ бұл дерек бойынша "Кісі өлтіру" бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жасөспірімдер арасында болған жаппай төбелес кезінде жарақат алғандар ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген.
"Жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен төрт адамды алып келді. 2006 жылы туған жасөспірімнің күре тамырына зақым келіп, қан кеткен. Оң жамбасында жарақат болды. 2006 жылғы екінші зардап шегуші сол жақ кеуде, жүрек және өкпе тұсынан жарақат алған. Екі жасөспірім де өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Жарақаттарының ауырлығы салдарынан жансақтау бөлімінде көз жұмды", - деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Ал жауырынынан жарақат алған 2004 жылғы үшінші жасөспірімге ота жасалған. Ол хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы орташа ауыр. 2004 жылғы тағы бір жасөспірім амбулаторлық ем алуға жіберілген.
Еске сала кетейік, жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес 3 қаңтарға қараған түні Ақтөбе қаласы Қызылжар тұрғын үй алабындағы дүкен маңында болған.
Алдын ала деректерге сәйкес, Instagram желісінде кәмелетке толмағандар арасында жанжал туындап, олардың бірі екіншісіне қаладағы дүкендердің бірінің жанында кездесуді ұсынған.
Топтық төбелес кезінде екі жасөспірім пышақ жарақатын алып, қалалық ауруханада есін жимастан қайтыс болған.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2053789-aqtobede-zasospirimder-arasyndagy-zappai-tobeles-alty-adam-ustaldy/