Қылмыстық жолмен алынған қаржыға мүлік сатып алған: Сатыбалдыұлының үстінен қозғалған тағы бір іс сотқа жіберілді
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің брифингінде ресми өкіл Арман Тілеукенов осыған дейін сотты болған Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты жаңа істер тергеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
"Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты 218-баптың 3-бөлігінде қарастырылған қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық жолмен алынған қаражат пен сол қаржыдан түскен табысқа Қайрат Сатыбалдыұлы түрлі мүлік сатып алған, оның ішінде шетелде алынғандары да бар, қаражатты Қазақстандағы және шетелдегі банктерге салған. Іс сотқа жіберілді. Тағы бір эпизод –салық төлеуден жалтару , бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда", - деп мәлімдеді Антикордың ресми өкілі.
Бұған қоса Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі Сатыбалдыұлының барлық мүлкі қамауға алынғанын, олар мемлекетке қайтарылатынын нақтылады.
Қылмыстық істер аясында 2022 жылдың басынан бері жалпы сомасы 912 миллиард теңге болатын тәркіленген мүлік мемлекетке қайтарылған. Бұл активтердің 650 миллиард теңгесін Қайрат Сатыбалдыұлы қайтарған.
Қайрат Сатыбалдыұлы ісі
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылғы 13 наурыз күні ұсталды. Ол қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қамауға алынды.
Сол жылдың 24 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады.
2022 жылғы қыркүйек айында сот Сатыбалдыұлын кінәлі деп тауып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазасын Өскемен қаласының іргесіндегі №22 мекемеде өтеуге жіберілді.
2023 жылғы қазан айында Бас прокуратура Қайрат Сатыбалдыұлының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін екенін айтқан. Алайда кейін оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылғаны белгілі болды.
Желтоқсан айында тәртіп сақшылары Қайрат Сатыбалдыұлының 120 миллион доллар көлеміндегі қаражатын қайтаруды қамтамасыз еткені белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2054802-qylmystyq-zolmen-alyngan-aqsaga-mulik-satyp-algan-satybaldyulynyn-ustinen-qozgalgan-tagy-bir-is-sotqa-ziberildi/