Qazaq Air жолаушылары бортта түтін шыққанын хабарлады: әуе компаниясы ақпаратты жоққа шығарды (видео)
Жарияланған күні:
Қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясының Қостанай – Астана рейсінің жолаушылары бортта түтін шыққанын мәлімдеді. Әуе компаниясы осы жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elitar.kz.
Басылым 13 қаңтарда Qazaq Air әуе компаниясы ұшағының бортында түсірілген бейнежазбаны жариялады. Бейнежазбадан рейстегі жолаушылар ұшақ салонындағы күйік иісін қызу талқылап жатқанын көруге болады.
Видеоның соңында стюардессаның дауыс зорайтқыш арқылы жолаушылардан дүрлікпеуді сұрағаны естіледі.
Кейін бұл жағдайға әуе компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме беріп, Қостанай – Астана рейсі кезінде ұшақ бортында түтін болмағанын мәлімдеді.
"Мұз қатуға қарсы өңдеу процесі кезінде қосалқы күш қондырғысының ауа тартқышына әуе кемесін өңдейтін сұйықтық кіріп кеткен болуы мүмкін.
Қосалқы күш қондырғысы ұшақты жерде электр энергиясымен және ыстық ауамен қамтамасыз етеді. Қосалқы күш қондырғысының газ-әуе жолына түскен сұйықтық буланып, бу ыстық ауамен бірге салонға кірген болуы мүмкін. Жолсеріктер жолаушыларға ақпарат береді. Бұл сұйықтықтың адам өміріне қаупі жоқ ", - делінген әуе компаниясы таратқан хабарламада.
Еске салайық, 12 желтоқсанда Qazaq Air әуе компаниясының Астана – Ақтөбе рейсі кешіктіріліп ұшқанын жазған едік. Елордада қақаған аяз салдарынан ұшақ қозғалтқышы іске қосылмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2055428-qazaq-air-zolausylary-bortta-tutin-syqqanyn-xabarlady-aue-kompaniyasy-aqparatty-zoqqa-sygardy-video/