Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қорқамыз": БҚО-да колониялардың бірінде жазасын өтеуші дәрігерлерге жұдырық жұмсаған (видео)

Опубликовано:

Колонияның есігіндегі темір тор
Темір тор. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Батыс Қазақстан облысында колонияда үш медицина қызметкері соққыға жығылды. Жазасын өтеуші өзіне жасалар ем-доммен келіспей, балағат сөздер айтып, дәрігерлерге тап берген, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Телеарна ақпаратынша, бұл жағдай Оралдағы қатаң режимдегі колонияда болған. Оқыста таяққа жығылған медицина қызметкерлерінің денсаулығына елеулі зақым келген.

Зардап шеккен дәрігерлердің айтуынша, жазасын өтеуші өзіне жасалар ем-доммен келіспей, балағат сөздер айтқан. Осыдан кейін күзетші оны камераға алып кеткен. Бірақ қолындағы кісенін шешіп тастап, қайтып келген жазасын өтеуші дәрігерлерді теуіп құлатып, жұдырық сілтеген.

"Белімнен тепті. Кәдімгі жарға жабысып қалдым. Қатты жүгіріп келіп теуіп тұр ғой", - дейді БҚО бойынша ҚАЖД 28 мекемесінің фельдшері.

Соққыға жығылған дәрігерлер мекемедегі тәртіпке шағымданып отыр.

"Қасымда тұрды да, мені бір ұрып қалды. Кірмеймін енді. Не үшін кіреміз? Қалтасына бірнәрсе тығып әкеліп, біреуі бірнәрсе тығып алса ше? Бұлар еркін жүре береді, ішке кіреді, шығады. Емханада жүрген сияқты", - дейді екінші фельдшер.

Әйел қызметкерлер де жазасын өтеушілерден қорқып қалғанын айтады.

"Біз осы оқиғадан кейін кіруге қорқамыз. Жігіттерді ұрып-соғады. Біз әйел адамбыз, бізге де зорлық көрсетуі мүмкін ғой. Қорқамыз біздер содан", - дейді мекеме қызмектері.

Осы оқиғадан қатты қорқып қалған мамандар абақтыдағы қауіпсіздік күшейтілуін талап етіп отыр. Яғни, дабыл нүктесі орнатылып, өздерін күзететін жасақшылар көбейтілуі тиіс. Әйтпесе жұмысқа шықпаймыз дейді.

Ал мекеме басшылығы қызметкерлердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін атап өтті.

"РУ-28 мекемесінде жазасын өтеуші мен медициналық қызметкер арасында ем-домға қатысты кикілжің болғаны рас. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондықтан басқа ақпаратты айта алмаймын. Қазір жағдай қалыпты, қызметкерлердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген", - дейді БҚО бойынша ҚАЖД мекемесі бастығының орынбасары Асқар Тілегенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2058569-qorqamyz-bqo-da-koloniyalardyn-birinde-zazasyn-oteusi-darigerlerge-zudyryq-zumsagan-video/

pixel