Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аяғын сындырды": Алматыда ойын-сауық орталығының бірінде 6 жастағы бала зардап шеккен

Опубликовано:

Ойын алаңы
Ойын алаңы. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыдағы ойын-сауық орталығының бірінде 6 жастағы бала жазым бола жаздады. Асыр салып ойнап жүріп батут астына кірген бүлдіршін шұңқырға оңбай құлап, мертігіп қалды. Оқиға салдарынан оның аяғы сынып, 4 айға жуық уақыт арбаға таңылып, өздігімен қозғалу мүмкін болмаған, деп хабарлайды Almaty.tv

Телеарна ақпаратынша, оқыс оқиға осыдан 4 ай бұрын болған. Содан бері ата-анасының ұлдарын апармаған жері, жүгінбеген дәрігері қалмады. Бала бүгінде аяққа тұрғанымен, сынықтың кесірінен әлі де өзін жайсыз сезінеді.

"Бала жарақат алмай тұрып, асыр салып ойнап жүрді. Сол күні орталықта көп адам болған. Ұлымыз өзгелерге қосылып, батут төңірегінде жүрген. Бір кезде бір-бірін қуалап, біздің бала сол батуттың астына тығылмақ болған. Бірақ ішіне үңіле бергенде, 6 метрлік шұңқырға түсіп кеткен. Салдарынан аяғын оңдырмай сындырды", – деді баланың әпкесі Адель Букетова.

Ата-анасының айтуынша, бала құлаған шұңқыр батуттың астында болған. Бірақ оның қазір қайда кеткенін және не мақсатта тұрғанын орталықтың қызметкерлері ашық айтпады. Оқыс оқиғадан кейін басшылық құрам ауысқан.  

"Бала құлаған жер техникалық бөлме. Сол жаққа кіріп кеткен. Бізден ағаттық кетті. Қазір қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынды. Ол кезде қалай болғанын айта алмаймын. Бұл қызметке жақында келдім. Қазір тергеу жүріп жатқанын ғана білемін", – деді  ойын-сауық орталығының директоры Елена Ким.

Бала сүйегі сынған орталыққа қатысты бүгінде полицейлер қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Құзырлы органдағылар ойын-сауық мекемесінің қызметіне тексеру жүргізу туралы сұраныс та жолданған.

"Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 306-бабы) Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық істі тергеп жатыр. Іс жүргізу аясында Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ойын-сауық орталығының қызметіне тексеру жүргізу туралы сұраныс жіберілді", – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Орталықтың салғырттығына наразы тарапта тергеу ісі бұрмаланып кетеді деген алаңдау да бар. Себебі оқиғадан бері 4 ай өтсе де, әзірге өзгеріс жоқ. Ата-ананың айтуынша, басы дауға қалған мекеме басшылығы оларды мәмілеге шақырған. Алайда екі жақ бейбіт шешімге келе алмаған. Енді істің нүктесі сотта қойылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2062077-ayagyn-syndyrdy-almatyda-oiyn-sauyq-ortalygynyn-birinde-6-zastagy-bala-zardap-sekken/

pixel