Алматы облысында бұралқы иттер малды талап жатыр (видео)
Жарияланған күні:
Алматы облысында бұралқы иттер өрістен қайтқан малға тыным бермей жатыр, жақында тіпті бір баланы талап тастаған, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Телеарна тілшілерінің мәлімдеуінше, бұл жағдай Еңбекші ауылында болған. Төбеттер өрістен қайтып келе жатқан қойды талаған сәтте шопанның өзі арашалай алмаған. Сол күні шопан малын көше бойымен айдап келе жатқанда, қойлардың біріне қаңғыған иттер қасқырша шауып, қан жуса қылған.
"Әр үйде оқушы бала бар" деген жұрт төбеттер адамға да қауіпті екенін айтты. Олардың айтуынша, иттер топтасып алып кейінгі кезде азық-түлік ұстаған жанға жармасуды әдет қылған. Өлексе тасып, көшені де былғап біткен.
"Белден жоғары ит тістесе, несі қалады? Әсіресе кәрі кісілерге қиын. Қаша алмаймыз. Көшеде иттер көп жүреді. Өлген ит те сасып жатады", - дейді Еңбекші ауылының тұрғыны Ұлту Медетова.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, иттер оқушы баланы да талап тастаған.
"Шамамен 3-4 ай бұрын иттер 10 жастағы баланы да талаған. Біраз жерін жарақаттады. Салдарынан ауруханаға жатқызуға тура келді. Айта кетейік, қаңғыбас иттер кеше пайда болмады. Бұл мәселе бұрыннан бар", - деді Еңбекші ауылының тұрғыны Усейн Умеров.
Ал әкімдіктегілердің айтуынша, бұл іске жауапты мамандар ит аулауға апта сайын шығып тұрады. Жергілікті билік мәселеден хабардар.
"Төрт-бес күн бұрын округімізге ит аулағыштар келген. Шамамен 25 ит ұстады. Аулаумен ғана шектелеміз. Заң бойынша итті атуға болмайды, оны білесіздер. Ертең ит атсаң жауапкершілікке тартыласың. Сондықтан аулаумен ғана айналысып жатырмыз", - деді Әйтей ауылдық округі әкімінің орынбасары Әкімжан Жүнісов.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, бұл істен бұралқы иттің саны азайғанымен, қатары сиремей тұр. Себебі ұсталған төбеттерді көбіне қожайыны алып кетіп, ертесі тура сол жануар қайта көшеге шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2064493-almaty-oblysynda-qangybas-itter-maldy-talap-zatyr-video/