Ақтөбе облысында 8 адам қаза болған ірі жол апаты: қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Бүгін, 6 наурызда сағат 08:15 шамасында Ақтөбе-Астрахань тас жолында Мұғалжар ауданы Сағашылы ауылының маңында жол-көлік апаты болып, салдарынан 8 адам көз жұмды. Осы дерек бойынша облыстық прокуратура қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Бұл факт бойынша Қылмыстық кодектің 345-бабының 4-бөлігімен (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) қылмыстық іс тіркелді.
Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды.
Тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынды", - делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, бүгін Ақтөбе-Астрахань тас жолының 120 шақырымында Lada Largus көлігі Toyota Hilux көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік апаты салдарынан Lada Largus көлігінің 8 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, қазір олардың кім екені анықталуда.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Toyota Hilux автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы Мұғалжар ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2064816-aqtobe-oblysyndagy-iri-zol-apaty-qylmystyq-is-qozgaldy/