"Төртеуі оқушы": Ақтөбе облысында 8 адам қаза тапқан жол апатының мән-жайы белгілі болды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысындағы тасжолда адам өлімімен аяқталған жол апатының мән-жайы белгілі болды. Қаза тапқан сегіз адамның ішінде төрт бала бар, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Облыс әкімдігінің Telegram-арнасындағы мәлімет бойынша, бүгін Ақтөбе - Астрахан тасжолының 120 шақырымында Lada Largus және Toyota Hilux маркалы екі көлік соқтығысты. Апаттан Lada Largus өртенген.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Тымпиев оқиғаға байланысты түсінік берді.
"2024 жылғы 6 наурызда Ақтөбе облысының "Ақтөбе-Астрахан" тасжолында 120 шақырымында көлік апаты болды. Зардап шеккендердің саны – 11, оның ішінде 8 адам қаза тапты. 3 адам Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Мамандар оларға қажетті көмекті көрсетіп, тексерді. Алайда, 3 адам Ақтөбе қаласында "тексеруден өтеміз" деп, ауруханаға жатудан бас тартқан", - деді Нұрбол Тымпиев.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова да болған жайтқа қатысты пікір білдірді.
"Бүгін Ақтөбе-Астрахан тасжолында қайғылы жол-көлік оқиғасы болды. Осы қайғылы оқиға салдарынан 8 адам қаза тапты. Оның төртеуі кәмелетке толмаған балалар. Атап айтқанда, Шұбаршы орта мектебінің 4-6-сынып оқушылары.
Сондай-ақ Кеңқияқ орта мектебінің 6-сынып оқушысы мен дайындық тобының 1 оқушысы. Балаларды ата-аналары мен туыстарымен бірге болды. Оқушылар заңды өкілдерінің өтініші бойынша отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты сабаққа қатыспаған", - деп түсіндірді Нұргүл Бертілеуова.
Еске сала кетейік, бүгін Ақтөбе-Астрахан тасжолында екі көліктің қатысуымен жол апаты орын алып, салдарынан сегіз адам қаза тапқаны белгілі болды. Қазір бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2064853-torteui-oqusy-aqtobe-oblysynda-8-adam-qaza-tapqan-zol-apatynyn-man-zaiy-belgili-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.