Ақтөбе облысында 8 адам қаза тапқан апаттың алдын ала себебі аталды (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында болған жол-көлік апатының алдын ала себебі айтылды, қайғылы оқиғадан 8 адам қаза тапқан еді, оның 4-і бала. Бұл жөнінде "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
ҚР Автомобиль жолдарының ұлттық операторының Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған ақпарат бойынша, Ақтөбе – Астрахан автожолында қарама-қарсы бағытта келе жатқан екі автокөлік соқтығысқан.
Оқиға орнына шұғыл түрде "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ облыстық филиал қызметкерлері, жол полициясы мен жедел жәрдем өкілдері барған.
"Алдын ала ақпарат бойынша Lada Largus автокөлігінің жүргізушісі жол жүру ережесінің 9.1 пунктін бұзып, қарсы бағыттағы жолаққа шыққандықтан, Toyota Hilux автокөлігіне соғылған", - делінген хабарламада.
Жол-көлік апаты салдарынан Lada көлігінде болған 8 адам қаза болды. Екінші көліктің жүргізушісі мен жолаушылары Қандыағаш қаласының аудандық ауруханасына жеткізілді.
"Жол апаты болған сәтте күре жолдың жабыны таза болған, көрініс шектелмеген. Қажетті жол белгілерінің барлығы орнатылған", - дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдері.
"Мой город" басылымының жазуынша, Lada көлігі Ақтөбеге Темір ауданынан келе жатқан. Жол апатынан қаза тапқан адамдардың кім екенін анықату үшін уақыт қажет болды.
Кейін 46 жастағы ер адам оқушы ұлымен, оның 45 жастағы әпкесі 6 жастағы баласымен, сондай- ақ 58 жастағы әйел екі немересімен бірге қаза тапқаны мәлім болды. Балалардың бірі 9 жаста болса, екіншісі 8 наурызда 12 жасқа келер еді. Lada көлігінің жүргізушісі де оқиға орнында көз жұмған.
Айта кетейік, 6 наурызда Ақтөбе облысында Ақтөбе – Астрахань тас жолының 120 шақырымында ірі жол-көлік апаты болғанын жазған едік .Жол апаты кезінде Lada Largus автокөлігі өртеніп кеткен.
Осы факт бойынша облыстық прокуратура ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2065040-aqtobe-oblysynda-8-adam-qaza-tapqan-apattyn-aldyn-ala-sebebi-ataldy-video/