Қостанай облысында үйдің ауласында ауылдық округ әкімінің денесі табылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚостанай облысы Ұзынкөл ауданындағы ауылдық округ әкімі дүниеден озды. БАҚ ақпаратына сәйкес, ол өз-өзіне қол жұмсаған, полицейлер бұл дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ұзынкөл ауданы әкімдігінің ресми сайтында Пресногорьковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев дүниеден озғаны туралы хабарланып, марқұмның жақындарына көңіл айтылды.
"Пресногорьков ауылдық округі әкімінің кенеттен қайтыс болуына байланысты Тұрсынбаев Тастемір Бұташұлы, Ұзынкөл ауданының әкімдігі марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады", – делінген хабарламада.
ТоболИнфо ақпараттық агенттігінің жазуынша, Тұрсынбаевтың денесі 19 наурызда өз үйінің ауласында табылған. Ол өз-өзіне қол жұмсаған.
Сондай-ақ ақпараттық агенттік Қостанай облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, ер адамның денесі өз үйінің ауласында табылғаннан кейін қылмыстық іс қозғалған.
"Оқиғаның мән-жайы анықталып отыр. Барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды", — деп түсіндірді облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Ақпараттық агенттік мәліметіне сүйенсек, Тастемір Тұрсынбаев 1964 жылы Қостанай облысында дүниеге келген, мал дәрігері саласы бойынша білім алған.
2015-2018 жылдар аралығында Пресногорьковский ауылдық округін басқарған.
Еңбек үзілісінен кейін 2023 жылы бұл қызметке қайта оралды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2071071-qostanai-oblysynda-zer-uidin-aulasynda-auyldyq-okrug-akiminin-denesi-tabyldy/