Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы автобус апаты: жәбірленушінің туыстары жүргізуші әйелді де жауапқа тартуды сұрады

Жарияланған күні:

Оқиға орны
Оқиға орны: KAZ.NUR.KZ / Юлия Абрамова

Бүгін Алматыда үш адамның өліміне әкеп соққан автобус апатына қатысты екінші сот отырысы өтті. Қайғылы жағдай өткен жылдың желтоқсанында №7 аурухана маңында болды. Сотта бірнеше куәгер көрген-білгенін айтып берді.

"Алматы" телеарнасының мәліметінше, бүгінгі отырыста судья қайғылы оқиға болған күні көлігін автобус соққан куәгерлерден жауап алған.

"Мен жолға шығып тұрғанда, соққының дыбысын естідім. Ештеңе көрмедім, қоғамдық көлік әрі қарай жүріп, микроавтобусты ұрды. Микроавтобус соққыдан кейін менің көлігіме қарай жүрді. Ал менің оң жағымда тағы бір Mitsubishi тұрды. Менің көлігімнің алдыңғы қанатын іліп кетті. Автобус тоқтаған жоқ, содан кейін ол адамдарды қағып, 20 метрден кейін тоқтады. Көлікте өзім, жұбайым және балам болды", – деді куәгер.

Телеарна тілшісінің мәлімдеуінше, сот отырысында автопарктің қауіпсіздік жөніндегі инженері де сөз алды.

Оның айтуынша, сол күні жолаушылар көлігінің жай-күйі қанағаттанарлық болған, жүргізуші медициналық тексеруден өткен.

"Кейбір автобустарда микрофондар бар, ол арқылы жүргізушілер жолаушыларға жол ақысын төлеу керек екенін айтады.Жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал туындаған. Мұндай жағдайларда олар өзара шешім қабылдауы керек немесе полицияға, контроллерге хабарласуы керек. Ол үшін жүргізуші көлікті тоқтатуы керек", – деді ол.

Кейбір жәбірленушілер мен жол апатында қайтыс болған адамдардың туыстарының айтуынша, жолаушымен болған жанжалдын алдын алмағаны үшін жүргізуші әйел де жазаға тартылуы керек. 32 жастағы сотталушының өзі тек "Бұзақылық" бабы бойынша кінәсін мойындап, жәбірленушілердің туыстарынан кешірім сұрады.

Бұл іс бойынша келесі сот отырысы 26 наурызда өтеді.

Бірінші сот отырысы 11 наурызда Алматыда өтті ол жолы сотта 47-бағыттың жүргізушісінен, сондай-ақ қаза тапқандардың туыстарынан жауап алынды.

Еске салайық, 22 желтоқсанда Алматыдағы Райымбек даңғылында автобус бір топ адамды қағып кеткен болатын. Кейін полиция өкілдері автобус жолаушысы жүргізуші әйелді соғып, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалғанын, бұл жол-көлік апатына әкеп соқтырғанын хабарлады. Салдарынан автобус аялдамада тұрған адамдарды қағып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2071728-almatydagy-avtobus-apaty-zabirlenusinin-tuystary-zurgizusi-aieldi-de-zauapqa-tartudy-surady/