Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде төтенше жағдай жарияланды

Жарияланған күні:

Ақтөбедегі су тасқынының салдарын жою жұмыстары
Ақтөбе облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Видеодан кадр: ktk.kz

Ақтөбе қаласында су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы қала әкімі Азамат Бекет мәлім етті, деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі ресми Instagram парақшасында.

"Бүгін Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жариялап отырмыз. Су тасқыны – табиғи құбылыс. Оны тежеу оңай болмай жатқаны рас.

Ақтөбе су қоймасында болған судың көлемі бір тәуліктің ішінде 150 миллион текше метрге көбейді. Су қоймасы мұндай көлемдегі суды сыйғыза алмайды. Яғни қалаға түгел қауіп төніп тұр. Сондықтан біз суды жіберіп отыруға мәжбүрміз.

Елек өзенінің бойында орналасқан және Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарын эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізді босатуды сұраймын. Біз үшін сіздердің өмірлеріңіз өте маңызды. Су тасқынымен күресуге көмектесіп жүрген тұрғындарға рахмет. Мұндай қиын жағдайда сіздерді бірлікке шақырамын", – деп жазды Ақтөбе облысының әкімі Азамат Бекет.

Сондай-ақ оның айтуынша, наурыздың 26-сы Ақтөбе аумағында күннің күрт жылынуына байланысты дала сулары көтерілген. Бірнеше тұрғын алабы мен бау-бақша ұжымдарына қауіп төнді.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, бүгінде 73 үйге су кірген. 155 адам эвакуацияланды. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетілді. Әкім ешкім назардан тыс қалмайтынын айтты.

Сонымен қатар еске салайық, бүгін таңертең Ақтөбенің ортасынан өтетін Сазды өзені жүз пайызға толған болатын. Арнасынан асып тасыған өзен суы көпқабатты үйлерге қауіп төндіріп тұрғанын жазған едік.

КТК телеарнасының дерегі бойынша, құзырлы органдар әуежайды басқан суды кетіру кезінде тәуекелдерді ескермеген, салдарынан Ақтөбедегі жағдай шиеленіскен, себебі олар артық суды толасып қалған Сазды су қоймасына ағызған.

Осыған байланысты қала тұрғындары төтенше жағдай жариялауды сұрады.

Құтқарушылардың айтуынша, Ақтөбедегі өзендердің барлығында су деңгейі өз шегіне жету қаупі бар. Қазірдің өзінде лық толған су өзен арналарынан асып кетуі мүмкін.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2075055-aqtobe-oblysynda-totense-zagdai-zariyalandy/