Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құлсарыдан эвакуацияланғандар кепілге алынды" деп жалған хабар берген 22 жастағы қыз тергеліп жатыр

Опубликовано:

Телефон ұстап тұрған адам
Телефон ұстап тұрған адам. Көрнекі фото: Aleksandr Zubkov / Getty Images

Бейнеуде 22 жастағы қыз лаңкестік туралы жалған ақпарат таратқаны үшін ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғындары кепілге алынғанын хабарлаған. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ мәлімдейді.

Медиапортал ақпарынша, Маңғыстау облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығына "Су тасқыны аймағынан эвакуацияланған Құлсары қаласының тұрғындарын қонақ үйлердің бірінде қарулы адамдар кепілге алып, ақшалай сыйақы талап етуде" деген қоңырау түскен.

"Тексеру барысында бұл ақпарат жалған болып шықты. Облыстық ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қабылдаған шаралар нәтижесінде Бейнеу кентінде жалған қоңырау шалғаны үшін 22 жастағы қыз ұсталды.

Сонымен қатар оның бұған дейін автобуста ұялы телефон ұрлағаны анықталды. Ол қолды болған гаджеттен қоңырау шалған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты бөтен мүлікті ұрлау және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - делінген ІІМ хабарламасында.

Бұған қоса полицейлер басқа өңірлердегі тағы екі жалған терроризм фактісін ашты. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, сол күні Ақтөбе қаласының полициясына ер адам ұялы телефоннан қоңырау шалып, Гришин көшесіндегі үйде бомба орнатылғанын айтқан.

"Бұл факт те расталмады. Ақтөбе облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын да осындай қылмыс үшін сотталған Ақтөбе қаласының жұмыс істемейтін тұрғынын мас күйінде ұстады. Оған қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.

Жалған терроризмнің үшінші фактісі Алматы қаласында тіркелді. Полицейлердің хабарлауынша, қаланың жеке компанияларының бірінің телефонына WhatsApp мессенджері арқылы ірі ақшалай сыйақы үшін сауда орталығынa бомба қою туралы ұсыныс келіп түскен.

"Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Жетісу облысы ПД ЭҚІҚБ қызметкерлері Талдықорған қаласының 9 жасар тұрғынын анықтады. Ол интернет желісінде компанияның жарнамасын көріп, бұзақылық ниетпен осы хабарламаны жолдағаны анықталды.

Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы баланы тәрбиелеу шараларын қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді ведомство өкілдері.

ІІМ өкілдері Қылмыстық кодексте осы қылмыс үшін 5 мың АЕК (бұл 18 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл не болмаса бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделетінін тағы да еске салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2084756-qulsarydan-evakuaciyalangandar-kepilge-alyndy-dep-zalgan-xabar-bergen-22-zastagy-qyz-tergelip-zatyr/