БҚО-да тасқыннан зардап шеккендерді баспанамен қамту шаралары қолға алынды
Жарияланған күні:
БҚО-да тасқын салдарынан келген шығындарды өтеу жұмыстары басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы қолдаусыз қалмайды. Оның ішінде үйі зақымданған отбасыларды баспанамен қамту басты назарға алынды. Жаңа тұрғын үйлер салу үшін жер телімдері анықталып, геологиялық және топографиялық зерттеу жасалып жатыр.
"Бұл тұста құрылыс жұмыстарын жүргізетін жергілікті кәсіпорындардың тізімі анықталды. Жаңа баспаналардың жобасы "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры, "ҚПО б.в.", "ЖайықМұнай", "Оралойлэнд Газ" және "Конденсат" сияқты өндіріс орындарының есебінен қаржыландырылады", - деді облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Облыста табиғи апаттың салдарынан 1 292 үйге зақым келді. Көбі Теректі мен Сырым аудандарында орналасқан. Қалғаны Қаратөбе, Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала аудандары мен Орал қаласына тиесілі.
Қазіргі таңда мамандар 1 150 баспанаға техникалық тексеріс жүргізіп үлгерген. Соның қорытындысы бойынша 397 үй тұруға жарамсыз деп танылып отыр.
Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлемдер аударылып жатыр. Бүгінде өңірде 1 490 отбасыға 547,3 млн теңге берілген. Бұл бағыттағы шаралар жалғасуда.
Мал шығыны да өтеледі. Тірлігі төрт түлікпен байланысқан қарапайым шаруалардың уәжі ескерусіз қалмайды.
"Көктемгі тасқын кезінде облыс аумағында 2 343 бас мал өлген. Мамандар мал шығынын өтеу шараларына кірісіп кетті. Аймақ қазынасының резервінен осы мақсатқа 187,5 млн теңге жұмсалып отыр", - дейді Т.Каюпов.
Табиғи апат кәсіпкерлердің де жұмысына зардабын тигізді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан арнайы қағидалар мен тәртіпке сай қолдау көрсетіледі. Ереже жобасы "Ашық НҚА" порталына талқылауға шығарылды. Кәсіпкерлік нысандардың шығынын арнайы құрылатын комиссия анықтайтын болады. Мамандардың мәліметінше, облыста 39 бизнес объектісі, 20 өсімдік шаруашылығы мен 18 мал шаруашылығы нысанына зақым келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2090504-bqo-da-tasqynnan-zardap-shekkenderdi-baspanamen-qamtu-sharalary-qolga-alyndy/